Алматыда мопедтер қозғалысын патрульдік полиция қадағалайды

Алматыда мопед мінген курьерлердің көшедегі қозғалысын енді патрульдік полиция қадағалайды.

Жол ережелерін бұзған жеткізу қызметінің өкілдері әкімшілік жауапқа тартылып, айыппұл салынады.

Ол үшін «Сергек» камералары пайдаланылады. Пилоттық жобаны енгізуге көшелердегі апаттардың жиілеуі себеп болып отыр. Жыл басынан бері мегаполисте мопедтердің қатысуымен 199 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бір адам қаза тауып, қалғандары әртүрлі жарақат алған.

Ел аузында «ажал капсуласы» атанып кеткен мопедтерді соңғы кездері Алматы көшелерінен жиі кездестіруге болады. Мобильді көліктер қозғалысқа жеңіл, әрі оны тізгіндеу үшін жүргізуші куәлігі қажет емес. Арнайы тіркеу де талап етілмейді. Бағасы да қымбат емес. Сондықтан, көліктің бұл түріне курьерлер тарапынан сұраныс жоғары. «Алайда, мопед жүргізушілерінің ережені ескермей, тәртіпті төтесінен бұзуы жиіледі», - дейді патрульдік полияция өкілдері.

Жыл басынан бері мегаполисте мопедтердің қатысуымен 199 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Апаттан 198 адам зардап шегіп, бір адам көз жұмды. Бірақ мопедшілер бұл статистиканы қаперге алар емес. Сондықтан, мопедшілерді ортақ тәртіпке бағындыру үшін пилоттық жоба қолға алынды. Енді заң бұзған мопед пен скутер жүргізушілерін «Сергек» камералары да анықтайды.  

Нұрбол Әміржан, Sergek Development компаниясының өкілі:

- Пилоттық жоба бойынша курьерлікпен айналысатын барлық компаниялардың жеткізу қызметкерлері туралы ақпарат енгізілген арнайы база жасақталады. Әр жеткізу қызметінің өкіліне жарықпен шағылысатын номер тағайындалады. Сол номер арқылы оның қозғалысы «Сергек» камераларымен қадағаланады. Жоба жол-көлік оқиғаларын азайтуға мүмкіндік береді.

Пилоттық жоба әзірге профилактикалық мақсатта қолға алынды. Қазіргі таңда, мопедтерге қатысты тиісті заңнамаларға өзгерістер енгізу қарастырылуда. Заң күшіне енген соң, талап та қатаңдайды.

Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:

- Қазақстан Республикасы Әкімшілік кодексінің 615-бабының нормалары бойынша біз оны оларды әкімшілік жауапкершілікке тарта аламыз. Олар мопед деген ұғыммен емес, жол жүру қозғалысына басқа да қатысушылар деген ұғыммен. Негізі заңнама күшейтіледі қазіргі таңда міндетті түрде. Мопедтерді бөлек көлік құралы етіп санайды, сондықтан, мопедті тізгіндеген азаматтар міндетті түрде өз көлік құралын тіркеуге қою керек және жол жүру куәлігін иемденуі тиіс.

«Бұл бастама ең бірінші кезекте мопед жүргізушілерінің өмірі мен қауіпсіздігін көздейді», - дейді полиция өкілдері. Себебі, жол көлік оқиғаларынан көп жағдайда зардап шегетін де мопед жүргізушілерінің өзі. Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сұлтан Бейсекенов