Ақтөбеде өзен бойындағы саяжайларды су алып жатыр

Ақтөбеде өзен бойындағы саяжайларды су алып жатыр. Жүзге жуық тұрғын қауіпсіз жерге көшірілген.

Әкімдіктің хабарлауынша судың арнасынан асуына жауын-шашынның мол болып, даладағы қардың шұғыл еруі себеп болған. 

Қарғалы өзені бойындағы бұл саяжайлар соңғы 6 жыл ішінде екінші рет топан судың астында қалып отыр. 2017-ші жылы айнала түгел толған болса, төтеншеліктер биыл 20 үйдің ауласын басқанын жеткізді. Атап айтқанда Қарғалы, Күншуақ, Мұнайшы саяжай ұжымдарындағы учаскелер бар. 95 адам қауіпсіз жерге шығарылған. Арасында 40 бала бар.

Шынаргүл Ақбалиева, "Қарғалы" саяжай ұжымының төрағасы:

- Бестер шамасында ағыс көтерілді де, жан жақтың барлығын су алып кетті. қазір міне нақты 24 үй суда тұр. екіге бөлді. оның 10 семьясын осы олимпийский резервта, қалған семьяларды 7-мектепке алып кетті. Сол жаққа көшіріліп жатыр қазір.

Қазір құтқарушылармен қатар әскери бөлім сарбаздары да баспаналардың айналасына құм толтырылған қап тасып, бөгет жасауға кіріскен. 80-ге жуық маман мен 5 арнаулы техника жұмылдырылды. Қала әкімі болса жағдайдың бақылауда екенін жеткізді.

Мұрат Жөребеков, қала әкімі:

- Алдымыздағы осы күндеріміз жылы болады. Су тағы да келуі мүмкін. Оны да қазір бақылауда ұстап тұрмыз. Су келген жағдайда басқа садоводческий коллективтерге. Жедел шараларды қабылданатын боламыз.

Төтенше жағдайлар департаменті өкілдері Гидрогеолог саяжай ұжымына да қауіп бар деген болжам жасап отыр. Қарғалының мұнша тасуын жергілікті билік биылғы жауын-шашынның мол болуымен байланыстырады. Себебі өзеннің бастауындағы бөгенен әзірге су жіберіле қоймаған.

Авторлары: Мансур Есқожин, Айнадин Молдабеков