Ұлттық Ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе берді

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе берді.

Енді іргелі ғылым ордасы тікелей Мемлекет басшысына қарайды. Президент жанындағы Академия елдің жоғары ғылыми ұйымы болды. Академия бұдан былай әлеуметтік-экономикалық дамуға сәйкес ғылыми, ғылыми-техникалық, инновациялық, стратегиялық, іргелі және қолданбалы зерттеудің басым бағыттарын айқындайтын ұсыныстар әзірлейді. Әлемнің барлық жетекші елі сияқты Академия мүшелерінің мәртебесі артады. Ғылымдағы мәселе Президент Әкімшілігінде шешіледі. Жұмысына бюджеттен қаржы бөлінеді.

Дихан Қамзабекұлы, ҚР Президенті жанындағы ҰҒА академигі:

- ҰҒА ұзақ жылдар қоғамдық бірлестік дәрежесінде қалыптастып келді. Президенттің Жарлығымен үлкен бір дүние қалыптасып жатқаны бұл бәрімізді қуантады. Бұл үлкен дүние деген не? Бұл жаңа кезең. ҰҒА-ның жаңа кезеңі. Бұл біріншіден ғылымға деген мемлекеттік көзқарасты анықтайды. Екінші ғылымға деген қаржылық қолдау, сонымен бірге ғалымдардың түрлі әлеуметтік мәселелерін шешу. Сонымен бірге ғалымдардың өрісі кеңеюі үшін оларға ғылыми жобалардың аясы керек. Яғни ол мемлекеттік деңгейде шешіледі. 

Мекеме басшысын Мемлекет басшысы өзі тағайындайды және қызметтен босатады. Сөйтіп Ұлттық ғылым академиясы тікелей Ақорданың назарында болады. Яғни оның жұмысына Президенттің өзі жетекшілік етеді. Нәтижесінде академия мен оның құрамындағы барлық ғалым, ғылыми жұмыстар мен түрлі зерттеу жүргізуде жаңа мүмкіндікке ие болмақ.

Кәрімбек Құрманәлиев, ҚР Президенті жанындағы ҰҒА академигі:

- Бұл мәртебесі берілгенге біз ғалымдар неге қуанамыз? Өйткені Мемлекет басшысының ғылымға деген көзқарасының дұрыс болғанына қуанамыз. Жалпы қалыптасқан қағида бар. Ғылым мен білімді екінші орынға қойған мемлекет ешқашанда ешбір салада бірінші орынға көтеріле алмайды деген. Біз қазір Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан құрамыз деп жатырмыз ғой, соның бәрі сайып келгенде ғылымға негізделуі керек. Мемлекет басшысының қазір ғылымды бірінші орынға шығарып отырғаны бұл экономиканы, елді дамытамын деген сөзі.