Жол күтіміне жауаптылар жұмысқа шықпай қалды

Жамбыл облысында республикалық маңызы бар тас жолдың күтіміне жауапты жолшылар жұмысқа шығудан бас тартты.

Айтуларынша, айлық төмен. Әрі жауапты компания бір жыл бойы жалақыны кешіктіріп беруді әдетке айналдырған. Сонымен қатар жұмыс беруші зейнетақы қоры мен медициналық сақтандыруға қаржы салмайтынын айтады. 30-ға жуық қызметкер шағымдану үшін облыс орталығына келді. Ашынған жолшылар айлықтан бөлек, қажетті құрылғылардың да жоқтығын жеткізді. Ал, «ҚазАвтоЖол» мекемесі; бұл мердігер компанияның мәселесі, - деп сұқбат беруден бас тартты. Жол күтіміне жауапты Шымкенттік компания басшылығы жол жөндеу жұмыстары Астанадан тексеріледі, -дейді. Процестің ұзаққа созылуына байланысты, жалақы мен әлеуметтік төлем кешіктіріп аударылып келгенін растады. Ал, айлықты көтеру бойынша арнайы хат жолдап қойған екен.

Мақсат Әжібаев, жүк көлігінің жүргізушісі:   

- Жұмысшылары бар, жүргізушілері бар, механизаторлары бар, бәрі қолмен жұмыс істейді. Ешқандай техникамен жұмыс істеп жатқан жоқ. Қауіпті техникалармен жұмыс істеп жатырмыз, өз өмірімізді бәйгеге тігіп.

Мақсат Құрмантай, жол күтіміне жауапты компания директорының орынбасары:

- Бұдан кейін де біз жұмысшылардың арасында бұндай болмас үшін, алдын-ала жұмысты есептеп уақытында береміз. Жалақы көтеру бойынша біз 4-5 наурызда официально хат жүзінде ҚазАвтоЖолға жолдаған болатынбыз. Ол жерде жұмысшылардың айлығын 30 пайызға көтеру жайында сұрағанбыз. Енді ол официально жауап берсе, уақыттың еншісінде, егер көтеруге мүмкіншілік болса біз көтереміз. Одан қашпаймыз.