Қостанай облысындағы ахуал. LIVE

Қостанай облысындағы су тасқыны бірнеше елді мекенге қауіп төндіріп тұр.

Аймақтың солтүстігі мен батысында әлі де күдік басым. Еріген қар суы Қарасу, Науырзым, Әулиекөл, Сарыкөл және Жітіқара аудандарына жайылып, үйлерді басуы ықтимал. Мән жайды бізбен тікелей байланысқа қосылған өңірдегі әріптесім Данияр Сұлтанұлынан сұрап білейік. Алдын алу шаралары қалай жүзеге асып жатыр?

Қостанай облысында қауіпті деген аумақтар ерекше бақылауда. Биылғы көктемгі су тасқыны оңтүстік аудандарда қалыпты өтті. Уақытылы жүргізілген алдын алу жұмыстары нәтиже беріп, елді мекендер қызыл судан аман қалды. Арқалық, Жітіқара, Денисов аудандарындағы үш елді мекен бағытындағы жолды шайып кеткені болмаса. Құтқарушылардың айтуынша алдағы екі-үш күнде жазық даладағы су жерге сіңіп, жолдағы қатынас ретке келтіріледі. Ал облыстың солтүстігінде қар әлі еріп жатыр. Түнде термометр көрсеткіші төмендеп, күндіз 7, 10 градусқа дейін жылы.  Бұл су тасқыны қаупін еш қиындықсыз өткізуге септігін тигізуде. Осы ретте облыстық ТЖД басшысының орынбасары Азамат Орымбаевты тыңдап көрсек.

Азамат Орымбаев, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

– Келесі аптада су тасқыны бар деген Қарасу ауданына Қостанай облысынан бір құтқару жасағын жібереміз. Арнайы қайықпен жабдықталған жол талғамайтын техникамен және су сорғыш құралдармен жабдықталған. Жалпы 34 елді мекен деп жоспарлап отырмыз. Егер жағдай күрделенетін болса, қауіпсіз жерге көшіретін орындар бәрі белгіленіп қойды. Үйдегі малды биік қырларға айдап әкетуге жоспар барлығы бар.

Тасқыннан жапа шеккендер үшін 161 эвакцуациялық нысан дайындалған. Әскери шатырлар 12 мың адамға әрі асхана, әрі баспана,  медициналық пункт қызметін атқарады. Мұз жару жұмыстары аймақта толық аяқталды. Өткен аптада құтқарушылар алты аудандағы өзендердің қауіпті 15 аймағында судың өз арнасымен еркін ағуын қамтамасыз етті. Қазір Жітіқара ауданындағы Шортанды өзенінің арнасынан асып, үйлерді басу қаупі бар. Бұның бәрі бақылауда. Жалпы биыл облыс тасқынға қарсы шараларға 2,2 млрд теңге жұмсайды. Аймақта су тасқынынан қауіп сәуір айының ортасында сейіледі деген болжам бар.