Тараз көшелерін жөндеуге бюджеттен 4,5 млрд теңге бөлінді

Биыл Тараз көшелерін жөндеуге бюджеттен 4,5 млрд теңге бөлінді. Бұл былтырғыдан 4 есе көп. Қомақты қаражатқа 118 көшеге асфальт салынып, 3 даңғыл қайта жаңғыртылады. Оған қоса 160 млн теңгеге шаһар жолдарындағы барлық шұңқыр бітелмек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаратай Тұрысов көшесі үш шағын ауданның ортасында орналасқан. Мұндағы жол жөндеу жұмыстары 2 апта бұрын басталды. Бірақ қазылған шұңқырлардың жамалар түрі жоқ.

- Жаңбыр жауғанда шұңқырлардың барлығы суға толып қалады. Көліктің өтуі қиын болып жатыр. «Шишка» шығып дөңгелектеріміз жарылып жатыр. Соны ертерек қамданып, соны ертерек жауып берсе.

- Жылда осындай. Барлық жер қазылып, шұңқыр болып жатады. Соның кесірінен көлік кептелісі мен жол көлік оқиғалары болып жатады.

Қала жолдарын жамауға биыл бюджеттен 160 млн теңге бөлінді. Бұл міндет алматылық фирмаға жүктелді. Олар 30 мың шаршы метр шұңқырды қалыпқа келтіруі тиіс еді. Алайда 10 техника мен 30-ға жуық қызметкері бар мердігердің жұмысында гәп көп. 

Азамат Қалмақбаев, мердігер компания басшысы:

- Бізде бір күнде 3 фриза сынды ғой. Содан соң зауыт сынды. Жөндеуге 2 күнге түрді. Сонымен немен Ниетқалиеваны жаппадық біз. Сол үлгермей жатырмыз. 2-3 бригада қосамыз.

Мердігердің сөзінше, қала маңындағы 12 асфальт зауытының тек біреуі жұмыс істеп тұр. Бұл күнделікті өнім алуға кедергі дейді. Мәселені білмекке кәсіпорындың біріне бардық. Мекеме директоры, керісінше, тапсырыс көлемі тым аз екенін айтып қалды. 

Арман Дүйсембаев, асфальт зауытының директоры:

- 15-20 тоннаға келетін болсақ. Бізге зауытты қыздырып ол асфальтты шығару тиімсіз. Өйткені зауыттық қуаттылығы кем дегенде 500 тонна 300 тонна болу керек қой. Жинақтап беретін кезіміз болады. Мысалы, бүгін алмаса, 1-2 күннен кейін 30 тонна емес, 60 -70 тонна қылып, солай жинап-жинап.

Жергілікті билік биыл жол жөндеу жұмыстарын 2 апта бұрын бастады. Сондықтан асфальт зауыттарының көпшілігі маусымдық жұмысқа әлі де қосылып үлгермеген. Өткен жылы аймақта битум мәселесі де туындаған еді.

Дамир Айманов, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Енді битумнан былтырғы жылы тапшылық болды. Биылғы жылға біз өтініште көрсеткенбіз. Ондай тапшылық болмайды деп сенеміз. Сұрастырып, біліп жатырмыз. Битум қоймаларына битум толтырып жатыр.

Жергілікті билік жөндеу жұмыстары «белгіленген уақытта бітеді, - деп мәлімдеді.

Жалпы, Таразда 1388 көше болса, оның 558-інде асфальт жоқ. Бұл мәселе 2025 жылға дейін шешілмек. Биылдың өзінде шағын аудан мен жаңа массивтердегі 118 көшеге асфальт салынбақ.

Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә.