СҚО-да оқушылар тегін ыстық тамақпен қамтылады

Солтүстік Қазақстан облысында бастауыш сынып оқушылары алдағы оқу жылынан бастап тегін ыстық тамақпен қамтылады. Қоғамдық кеңесте осындай шешімге келді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір тиісті қаражат көлемі есептеліп, құжаттар әзірленіп жатыр.

Бүгінде ата-аналар әр бала үшін асқа деп 500 теңге төлейді. Кәсіпкерлер оны 600 теңгеге көтеруді талап еткен болатын. Бірақ жауаптылар сұранысты қанағаттандырмады. Қазір өңір метептерінде 74 мыңнан астам бала білім алып жатыр. Оның 31 мыңы бастауыш сыныптарда оқиды.

Елена Гонтарь, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Облыстық бюджетке өтініш бердік. Бұл мақсатқа 1 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылып отыр. Қазірдің өзінде бастауыш сынып оқушыларының 17%-і тегін тамақпен қамтылған. Олар тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыдан шыққан балалар.