Елімізде жанармайдың көтерме саудасына шекті баға белгіленуі мүмкін

Энергетика министрлігі жанармай өнімдерінің көтерме саудасына шекті бағаны белгілеуі мүмкін. Осылайша отынды бекеттерге қолайлы бағамен жеткізуге мүмкіндік туады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құжат қоғамдық талқылауға шығарылды. Қазір АИ-92 маркалы бензиннің көтерме бағасы литріне 146 теңгеден келеді. Ал оны жүргізушілерге қанша теңгеге сатылатынын тасымалдаушылар анықтайды. Алайда елімізде жанар-жағармайдың бөлшек сауда құнына да шектеулер бар екенін ескеру керек. Жауаптылар жоба нарықтағы бағаға әсер етуді көздемейтінін айтады. Сарапшылар да мұнай өнімдерінің бағасын реттеу туралы шешімді дұрыс деп санайды.

Болат Әуетаев,  «Қазақстанның жанармай қауымдастығы» басқарма төрағасы:

- Бағаны реттеу бір жағынан дұрыс емес, бірақ егер бөлшек сауда реттелсе, онда көтерме баға да реттелуі керек. Көтерме баға мен бөлшек сауда арасындағы айырмашылық тартымды болуы керек. Біз әрқашан көтерме баға мен бөлшек сауданың арасында 24% айырмашылық болуы керек деп айтып келеміз. Өйткені операциялық шығындар, логистика, сақтау сынды шығындарды есептеу керек.