Мамандар арзан күлкі мен әлсіз әзілді сынға алды

1 сәуір – күлкі күні. Мамандар шынайы күлкінің денсаулыққа пайдасы зор дейді. Тіпті күлкісіне қарап адамның қандай екенін білуге болады. Ал біз шынайы күле алып жүрміз бе? Қазір қазақ сатирасының бет-бейнесі, бағыт-бағдары өзгеріп бара жатқаны жасырын емес. Күлдіремін деп күлкіге қалып жүргендер көбейіп барады. Сондықтан сахнаға күлкі алып шыққысы келетіндер үлкен жауапкершілікті сезінуі тиіс, - дейді сатириктер.

Күлкінің арзандап кеткені соншалық қазір адамдарға саусағыңды көрсетсең де күле беретін хәлге жеттік. Яғни, Абай атамыз қымбат деп кеткен күлкінің құнын түсіріп алдық, - дейді, белгілі сатирик Толымбек Әлімбекұлы.

Толымбек Әлімбекұлы, сатирик:

- Шындығын айтқанда, қазір оқып жүрген жоқпын. Кездестіріп те жүрген жоқпын. Кейде қазақ әдебиетінің соңғы беттерін қараймын, бірақ көңілге татымды дүниелерді көрмейсің. Бұрынғы Осағаңның, Үмбетбай ағамыздың күлкілері астарлы, әдемі, миығыңнан күлесің, мырсылдап күлесің. Сондай күлкілер жоқ. Анау дарақы бәрі. Ашық-шашық.

Әлімбекұлының әңгімесінен ұққанымыз, қазір сатира саласына мемлекет тарапынан көңіл бөлінбейді. Бұрынғыдай көркемдік кеңес жоқ. Қазір ерінбегеннің барлығы сахнаға шығып халықты күлдіргісі келеді. Олардың саны көп болғанымен сапасы жоқ дейді.

Толымбек Әлімбекұлы, сатирик:

- Театрлардың көбеюі оншалықты көңілге қонымсыз өзі. Мен бұл туралы Мәдениет министрлігіне хатта жазғам. Баяғыдай көркемдік кеңес құру керектігін. Оған лайықты адамдар тізімінде беріп хат жаздым. Жауап келді. Сіздің айтқандарыңыз орынды, бірақ қазір барлық театрлар жекеменшік болып кеткен. Оларға біздің билік жүрмейді. Әркім өзі шеше береді деп. Сондықтан бет-бетімен кетті барлығы.

Қысқасы, қазіргі әзіл-ысқақ театрларына Толымбек ағамыздың көңілі толмайтынын түсіндік. Сатира жанрларында жоғалтып алдық дейді. Күлкінің арзандап, халықтың талғамы төмендеп кеткенін актер Саттар Ерубаевта растап отыр. Кезінде Құдайберген ағаларымыз Көпен Әмірбек, Умбетбай Уайдин секілді көрнекті сатириктермен тығыз байланыста болатын. Қазір театр жетекшілері сценарийді өздері жазып алатынын айтады.

Саттар Ерубаев, актер:

- Драматургияның жазғанымен ойнасаң, ол халыққа өтімі аздау. Сондықтан біз халықтың ішіндегі «приколдар» дейміз, әзілдерді іздей бастаймыз. Соларға шекпенін өздеріне жауып жүрміз ғой, былай айтқанда. Сол әңгімесін өздеріне айтып жүрміз. Қағытпа қалжың арқылы. 

Саттардың сөзінше, әзілдің әлсіреп кеткені «көңілді тапқырлар клубының» ойыншыларына да көп байланысты. Кәсіби актер болмаған соң тіл тазалығын сақтамайды. 4-5 адам бірігіп, сахнаға шығып алып, арзан сөздермен жұртты күлдіргісі келеді. Сондықтан сатира театрының ашылғаны дұрыс дейді. 

Саттар Ерубаев, актер:

- Дардай Алматыға бір сатира театры керек. Керек-ақ. Керек боп тұр. Сол арқылы біз жаңағы сіз қойған сұрақтарды, халықтың көкейінде жүрген көп мәселелерді осы арқылы шешер едік. Ал келіңіздер, міне, сатира. Бұл бұрынғы Тамаша, Бауыржан Шоу емес, кәдімгі бас аяғы бар 1,5 сағаттық қойылым. Мысалы, Шаншар театры қойып жүр ғой, Өгізбайдың өгізі деген секілді. Міне, осы жерде авторлардың, драмтургтардың жұмыстары жүреді.  

Мамандар күлкінің түрлері көп деп жатады. Шынайы күлкі адамның жүйке жүйесін емдейді екен. Бірақ біреуді күлдіремін деп бүлдіріп алмасаңыз болғаны.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Әбен Нарынбаев.