Қазақстанның Әскери-теңіз Күштеріне 30 жыл толды

Ертең қазақстандық әскери теңізшілер үшін ерекше күн.

Мемлекет басшысы осыдан 30 жыл бұрын Әскери-теңіз күштерін құру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Атаулы күнге орай Астанада Әскери-теңіз күштерінің салтанатты жиыны өтті. Шараға қоғам өкілдері, әскери қызметшілер мен әскери теңіз күштерінің негізін қалаушы ардагерлер қатысты. Ал оркестрдің сүйемелдеуіндегі әскери марш мерекелік көңіл-күйдің сәнін келтірді.

Ерлан Шаншархан, тілші:

- Қазақстан Әскери-теңіз Күштерінің құрылғанына 30 жыл. Әскери-теңіз күштері Каспий теңізінің қазақстандық секторында әскери қауіпсіздікті, елдің тұтастығын қамтамасыз етуге бағытталған.Айта кеткен жөн, Қазақстан Әскери теңіз күштері 1993 жылы 2 сәуірде Президент Жарлығымен құрылған болатын.

Бүгінде Әскери-теңіз күштері заманауи кемемен, қарумен және техникамен жарақтандырылған. Ал теңіз күштерінің жауынгерлері жоғары кәсібилікпен ерекшеленеді. Осы тұста теңізшілер жедел-тактикалық жиындарға, командалық-штабтық жаттығуларға, сонымен қатар тактикалық-арнайы оқу-жаттығуларға да қатысады. Ал үздік әскери теңізшілер Еуропа мен Америка елдерінде білім алады.

Жұмабек Хасенов, полковник:

- Бүгін біздің Әскери теңіз күштері үлкен-үлкен жетістіктермен келіп отыр. Каспи өңіріндегі біздің үлкен әскери бөлімдеріміз бар. Президентіміздің арқасында, халқымыздың арқасында және еліміздің арқасында қазіргі кезде әскери теңіз күштері жаңа кораблдармен, жаңа жабдықтармен жабдықталған. Міне өздеріңіз көріп отырсыздар қазіргі мерейтойда өзіміздің әскери теңіздің іргесін бастаған ең бірінші бас қолбасшыларымыз,адмиралдарымыз келіп отыр. Біздің жас өспірімдер, өсіп келе жатқан сарбаздарымыз тек қана Қазақстан жерінде емес, Ресей, Түрік елдерінен, Оңтүстік Кореядан, Қытай елдерінен оқуларын оқып келіп, алған білімдерін өзіміздің әскери теңіз күштерінің әрі қарай өсуіне, өркендеуіне үлкен күш салысып жатыр.

Салтанатты шарада  Әскери-теңіз күштерінің ардагерлеріне ерекше алғыс айтылды. Осы орайда 30 жыл қатарынан Қарулы күштерде еңбек еткен контр-адмирал Ратмир Комратов бұл әскер түрінің қалай қалыптасқаны жайлы әсерлі естеліктерімен бөлісті.

Ратмир Комратов, контр-адмирал:

- Қазақстан Әскери теңіз күштерінің құрылуы Кеңес Одағының таралуымен тұспа-тұс келді. Сол сәтте біздің Каспи теңізіндегі шекарамызды, мүддемізді орнықтыру мақсатында Әскери Теңіз күштерін құру мәселесі тұрды. Әскери теңіз күштерін құру керек пе деген пікірлер көп айтылды. Дегенмен 1993 жылы 1 сәуірде құжатқа қол қойылды, ал  жарлық 2 сәуірде күшіне енді. Мен әскери теңіз күштерінің әскери құрамына ризамын. Әрдайым оларға сіздер  кәсіби маман болуы керексіздер деп айтамын.

Салтанатты жиын соңында үздік экипаж мүшелері марапатталды. Оларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау үшін жас сарбаздар мерекелік концерт қойды.

Ерлан Шаншархан, Наурызбай Құрманғазы