Қонаев қаласында 2 жылыжай кешені салынады

Қонаев қаласында аумағы 12 гектарлық 2 жылыжай кешені салынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – Алматының айналасында азық-түлік белдеуін қалыптастырудың амалы. Қазір Қарасай ауданында 4 жылыжай бар. Оның ішінде ең ірісі Қосөзен ауылында орналасқан. Мұндағы 5 гектар аумақта қысы-жазы қызанақ өсіріледі. Кешенде 100-ден астам ауыл тұрғыны жұмыс істейді. Енді жылыжай иелері жылыжайда өсірілетін өнім түрлерін көбейтуді мақсат тұтып отыр. Өйткені өзімізде көкөніс көбейсе, импортқа тәуелделі болмаймыз. Серіктестік 5 гектар жерге тағы да жаңа жылыжай салуды көздеп отыр.

Мырзабек Бекмұханов, бас агроном:

- Қазақстанда көкөніс пен жеміс-жидекке деген сұраныс жоғары. Бірақ біз ішкі нарық сұранысының тек 20% ғана қамтамасыз етеміз. Қалғаны шетелден келіп жатыр. Сондықтан, менің ойымша, өңірде жылыжай санын арттыру керек. Азық-түлік белдеуі солай қалыптасады деп ойлаймын. Біз өз жобамызды әзірледік. Бизнес жоспар құрдық. Енді қияр өсіруді қолға аламыз. Жоба іске асқанда қосымша жұмыс орындары да ашылады.