Атырауда жасы 50-ден асқан адамдар жұмыспен қамтылып жатыр

Атырау 50-ден асқан адамдарға да жұмыс тауып береді. Қазірдің өзінде «Күміс жас» жобасы бойынша 600 адамды жұмыспен қамту жоспары бар, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Жалпы, осы жоба аясында зейнет жасына жақындаған 100-ге жуық тұрғын жұмыс тапқан. Бұл бағдарлама кәсіпкерлерге де қолдау көрсетіп отыр. Жұмыс беруші жалақының 30%-ін төлесе, қалғанын мемлекет өтейді. 

Мәнжу Қаренова ауыл шаруашылығы саласында 30 жылға жуық еңбек еткен. Кейін жеке шаруа қожалығын ашып кәсібін жүргізіпті. 59 жастағы Мәнжу апай қазір де еңбектен қол үзген емес. Биыл «Күміс жас» жобасы арқылы жұмыспен қамтылған. Қазір қала іргесіндегі бақшалықта еңбек етіп жүр.

Мәнжу Қаренова, қала тұрғыны:

- «Күміс жас» жобасы зейнеткерлікке жақындаған біздерге өте тиімді. Қазір жасымыз 59-ға келіп жатыр. 1-2 жылдан кейін, бұйырса, зейнетке шығамыз. Еңбегімізді осы шаруашылықтан алып отырмыз. Үкімет жақсы көмек көрсетіп отыр. Өте тиімді.

Бақша дақылдарын егіп, халықты жергілікті өніммен қамтып отырған кәсіпкер Асқар Сейітов Мәнжу Қаренова секілді зейнет жасына жақындаған 5 адамға жұмыс беріп отыр. Олардың жалақысының 70 процентін мемлекет өтесе, қалғанын өзі төлейді. Мұндай жеңілдіктің кәсіпкерлер үшін көп көмек екенін айтады.

Асқар Сейітов, кәсіпкер:

- 2023-ке жерімізді дайындап жатырмыз, қоршау жұмыстарын жүргізіп. Осында 20 шақты ауыл адамы жұмыс жасайды. Уақытында зейнетақысын, медсақтандыруын аударып отырамыз. Үкіметтің беріп отырған жеңілдігі көп. Көбі зейнетке жақындағанда жұмыс таба алмайды. Анау алмайды, мынау алмайды деп жүреді. Бұрын жалақы төлеуге қиналатын едік. Мына жобаның көп көмегі тиіп тұр.

«Күміс жас» жобасы – зейнет жасына жақындаған, бірақ жұмысы жоқ жандар үшін үлкен мүмкіндік. Биыл 600-ге жуық адамды жоба аясында жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Ол үшін бюджеттен 288 млн теңге бөлінген.

Азамат Мәмбетов, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

- Қазіргі есептік кезеңнің өзінде 1 наурыз есебі бойынша, біз 94 адамды жұмысқа орналастырып отырмыз. 1,7 млн теңге олардың айлықтары төленді. Бұл жобаға қатысу үшін зейнеталды адамдарымыз жұмыспен қамту орталықтарына барады. Біз жұмыс берушілермен келісімшартқа отырып, яғни үшжақты, жаңағы зейнеталды азаматтармен келісімшартқа отырамыз. Отырғаннан кейін біз бюджет есебінен 30 айлық есептік көрсеткіш қаражаты бар субсидияланатын.

Биыл «Күміс жас» жобасына өзгертулер енгізіліпті. Бұған дейін бағдарламаға зейнетке шығуына 2 жыл қалған адамдар қатысса, енді өтініштер 50 жастан бастап қабылданады.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин.