Жетісу облысында «Парктер шеруі» басталды

Жыл сайын өтетін бұл іс-шара 22 сәуірге дейін жалғасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осының аясында «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері табиғатты қорғау бағытындағы акциялар ұйымдастырып, жасөспірімдермен бірге көшет отырғызды.

Сарқан ауданында «Парктер шеруі» осымен 12 рет ұйымдастырылды. Жыл сайын өтетін шараның ауқымы ұлғайып, қатысушылар саны артып келеді. Бұл жолы да жасөспірімдер мен жастар көптеп жиналды. Жеткіншектер «Жоңғар Алатауы» паркінің қызметкерлерімен бірге көшет отырғызып, қаланың гүлденуіне үлес қосты. 

Әрсен Ермұхамед, оқушы:

- Таза ауаны көбейту үшін, мәшинелерден шыққан көмірқышқыл газдың адамға ықпалын әсерін азайту үшін осындай ағаш егіп жатырмыз.

Акция аясында парк қызметкерлері жасөспірімдердің  қатысуымен әртүрлі шараларды өткізеді. Сол арқылы оларға табиғатты сақтаудың маңыздылығын түсіндірмек. Әрі жеткіншектердің бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар дәстүрлі орман қорын молайту жұмыстары да атқару жоспарланып отыр.

Талғат Ахунов, «Жоңғар Алатауы» МҰТП бөлім басшысы:

- Былтыр орман қорына 5 мың ағаш көшеті отырғызылды. Биыл жоспар бойынша 66 мың отырғызайын деп тұрмыз. Бірінші мақсатымыз ағашты көбейту, Қазақстанымыздағы орман қорын үлкейту.

Жоңғар Алатауында жер бетіндегі алманың түп атасы саналатын «Сиверс» алма ағашы өседі. «Парктер шеруі» сол ағаштың гүлденуі кезінде қорытындыланады. Салтанатты жиында экологиялық акциялар мен фестивальдерге белсене қатысқандар марапатталады.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев.

//