Сырдариямен келген су айналадағы көлдерді толтырды

Қызылорда облысы аумағына Сырдариямен келген мол су ысырапсыз пайдаланылып жатыр.

Аймақтағы шабындықтар мен көлдер 80 пайызға дейін толған. Бұдан бөлек егін алқаптары үшін 1,5 миллард текше метр тіршілік нәрі 3 су қоймасына жинақталыпты. Қалған бөлігі Арал теңізінің деңгейін көтеріп, тұздылығын төмендетуге сеп болған.

Қыс, көктем айларында Сырдарияға жоғарыдан мол су құйылды. Тіпті сең жүру кезеңінде тасқын қауіпі де туындаған болатын. Тіршілік нәрінің бір бөлігі шабындықтар мен көлдерге бөлінгеннен кейін өзен арнасынан асқан жоқ. Қызылорда қаласы маңындағы жағдайдың қалыпты өтуіне соңғы жылдардағы дария табанын қайырлап қалған құмнан тазарту жұмыстары да септігін тигізді, дейді мамандар.

Ерлан Бисембаев, облыс әкімі аппаратының жұмылдыру және шұғыл жұмыстар орталығының басшысы:

- Біз 2020 жылы қаражатты толығымен игерген болатынбыз. 2021-2022 жылдары судың деңгейі күрт төмен түсіп кетуіне байланысты тазарту, земснаряд дейді, сол жұмыстар жүру қиындықтар туғызды. Соған байланысты біз осы 2023 жылы жұмысты өз деңгейінде атқарамыз деп отырмыз. Енді ол қанша шақырым жұмыс жасау, ол алдағы уақыттың еншісінде. Судың деңгейіне байланысты жұмыс жасалады.

Мамандардың айтуынша, өзен табанының 8,9 шақырымын тазалау үшін республикалық бюджеттен 5 млрд теңге бөлінген. 2020 мен 2022 жыл аралығында  айтулы меженің 3,2 шақырымы тазаланып, 1,4 миллиард теңге қаржы игеріліпті. Қалған жұмыс көлемін 2025 жылға дейін аяқтау жоспарланып отыр.  

Қыс, көктемде толып аққан Сырдария егін суару кезеңінде солып ағатыны рас. Диқандар жаз айларында тіршілік нәрін іздеп титықтап қалмас үшін, Күміскеткен, Тайпақкөл және Қараөзек су қоймаларын қалпына келтіру жоспарланып отыр екен. 

Марат Құрманбаев, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

- Ең негізгісі 755 млн куб су сиятын Қараөзек су қоймасы деп отырмыз. Қазір техника экономикалық негіздемесі мен жобалық сметалық құжаттары әзірленді. Мемлекеттік сараптамаға енгізіліп отыр. Егер осы 1-2 айдың көлемінде сараптаманың қорытындысын алғаннан кейін соны бастауға үкіметтен қаржы сұрағымыз келіп отыр.

Қазір аймақтағы көлдер жүйесі мен шабындықтар 80 пайызға дейін толып тұр. Қалған бөлігі әйгілі Арал теңізіне құйып жатыр. Жыл басынан бері Кіші Аралға 1 млрд 323 текше метр тіршілік нәрі тасталып, деңгейі 79 сантиметрге дейін көтерілді, дейді мамандар.

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин