Елімізде жаңа неміс инжиниринг институты ашылады

Елімізде жаңа неміс инжиниринг институты ашылады! Оқу орны Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің жанынан құрылады.

Институт заманауи еуропалық стандартқа сай техникалық кадрларды дайындау ұстаханасы болмақ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастапқы кезеңде 2 мамандық бойынша білім беру бағдарламасы ұсынылады. Оның біріншісі - "энергоменеджмент", екіншісі - "логистика". Бағдарламаны Гамбург қолданбалы ғылымдар және Вилдау техникалық университетінің мамандары бірлесіп әзірлеген. Германияға сапар барысында Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің басшылығы бұл елдің жетекші жоғары оқу орындарына барып, серіктестік меморандумға қол қойды.

Берік Ахметов, Ш. Есенов атындағы Каспий инжиниринг университетінің президенті:

- Жаңа инжиниринг институтында алдағы уақытта  бакалавриат пен магистратура бағыты іске қосылады. Оқу ордасында білім алған қазақстандық студенттер Германиядағы өндіріс орындарында тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие.

Вольрад Роммель, Қазақстан-Германия университетінің президенті:

- Менің ойымша, ғылыми саладағы ынтымақтастығымызды кеңейту маңызды. Болашақта бұл өте маңызды және ерекше жоба екеніне көзіміз жетеді. Студенттерді озық неміс стандарты бойынша оқытқымыз келеді. Ал жоба жүзеге асып жатқан Ақтау - Орта Азия мен Еуропа арасында маңызды рөл атқаратын перспективалы өңір.

Шетелдік инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін тартымды саналатын Маңғыстау облысында жасыл сутекті өндіру бойынша ауқымды жоба іске қосылғаны белгілі. Жаңа институттың түлектері, яғни, әр түрлі бағыттағы инженерлер болашақта осы кешенде жұмысқа орналаса алады.

Петер Бернхардт, "Svevind Energy Group" техникалық директоры:

- Қазақстанның алып энергетикалық әлеуеті бар. Үлкен аумақтар жел мен күн энергиясын дамытуға мүмкіндік береді. Біз Қазақстанда жасыл сутегі өндіретін зауыт салуды жоспарлап отырмыз. 40 Гигаватт электр энергиясын өндіретін және оларды сутегі өндіру үшін пайдаланатын зауыт іске қосылады. Яғни, бізге білікті инженерлер қажет болады. Жоба іске қосылған соң, біз 1800 маманды жұмысқа орналастыра аламыз. Сондықтан жаңа ашылатын институт біз үшін де тиімді болмақ.

Жаңа институт маңызды білім беру жобасы ретінде Қазақстан-Германия қатынастарына да оң серпін берері сөзсіз.

Авторлары: Сымбат Ғалымжанқызы, Шолпан Найманбаева