Оралда азық-түлік бағасы арзандай бастады

Оралда әлеуметтік азық-түлік бағасы арзандай бастады. Мамандар тауар тасымалдау жүйесін оңтайландырған. Сонымен қатар тұрақтандыру қорындағы өнімдер сатылымға шығарылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Азық-түлік бағасын саралау үшін алдымен орталық базардағы сауда үйіне барған едік. Тауар сатып алып жатқан тұтынушылар бағаның сәл төмендегенін айтып отыр. Сатушылар да бірер аптадан бері тағамдар арзандай бастағанын растады.

Сатушы:

- Секерді бұрын 480-нен, 520-дан саттық. Қазір, міне, 430-ға түсіп отыр. 420-дан да береміз. Сосын қарақұмықты бұрын тіпті 800-ден саттық. Қазір 560-тан сатып жатырмыз.

Сатушы:

- Макарон 2 келісі 720-дан. Бұрын 740, 750 болды. Күріш 480, 450, 350.

Тұтынушы:

- Тап ондай көп түспеген де енді. Аз-аздан түскен баға.

Тұтынушы:

- Жәнібек ауданынан келдім. Баға қалыпты.

Мамандардың айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің арзандауына алдымен тауар айналымындағы өзгеріс септігін тигізіпті. Дәлірек айтсақ, делдалдық жүйе жойылған көрінеді.

Мейрам Қабдығалиев, облыстық Кәсіпкерлік және ИИД басқармасының бөлім басшысы:

- Екі ортадағы өзінің проценттік үстемесін қосып жүретін делдалдық кәсіпкерлер алып тасталды. Атап айтқанда, облысымызда қазір 60-қа жуық үлкен сауда желілері бар. Солардың бәріне тауар өндірушілерден тікелей сауда үйіне тауарлар жеткізіліп, 15%-тен аспай, әлеуметтік маңызы бар тауарлар жүзеге асырылып жатыр. Күріш өндірілмейді бізде. Сосын секер өндірілмейді. Қалғаны өзімізде, өндірушілеріміз бар.

Ал тұрақтандыру қорынан дәл қазір картоп пен пияз төмен бағамен сатылымға шығарылып жатыр. Алайда әрбір тұтынушы үшін тауар көлеміне шектеу қойылыпты.

Артур Досқалиев, ӘКК АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

- Картоп және пияз өнімдерін қазір әлеуметтік дүкендерде 130-135 теңгеден, ал супермаркет желілерінде пияз 138 теңгеден және 147 теңгеден картоп өнімдері сатылып жатыр. Қорда, әрине, жеткілікті. Өйткені 5 мың тонна өнім бар. Ол өнімді сату жүргізіліп жатыр. Бірақ ол 5 мың тоннаны бірден сатып, біз ешқандай нәтижеге жете алмаймыз. Сондықтан тұтынушы басына 10 келіден артық сатылмайды.

Ірі сауда орындарында бағаның төмендеуі өзге де сауда нүктелеріндегі тауарлардың арзандауына себеп болып жатыр. Өйткені бәсеке бар жерде, қолжетімділік арта түсері анық. Тұрақтандыру қорына мемлекеттік бюджеттен қосымша тағы 2 млрд теңге бөлінбек. Ол қаражат күзгі өнімдерді сатып алуға жұмсалады. Мамандар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы әлі де төмендеуі мүмкін екенін айтып отыр.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов.