Таразда сүт зауыты тауар бағасын 60% қымбаттатқан

Таразда сүт тауарларын өндіретін ірі зауыт 3 жыл бойы өнім бағасын 60 процентке дейін көтеріп сатқан.

Компания басшысы тауарларын делдалдар арқылы сауда орындарына жіберіп отырған. Ал олар зауыт басшысының жақын туыстары екені анықталды. Кәсіпкер осылайша өзі шығаратын 10 түрлі өнімге негізсіз үстеме ақы қосқан. Мекеме 2019 жылдан бері 5 миллиард теңгенің тауар айналымын жүзеге асырған. Заңсыз пайда табу дерегін экономикалық тергеп тексеру департаменті анықтады. Кәсіпкер кінәсін мойындап, тауар бағасын төмендетті. Бірінші сәуірден бастап өнімдерін сауда сөрелеріне тікелей жеткізеді. 

Мақсат Байдалиев, облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бөлім басшысы:

- Сауда реттеу туралы заңның 9-бабына сәйкес, егер де сауда орындары өздері сататын тауарларға 15 проценттен асқан үстеме қосатын болса, алдымен ескерту қаралған. Кейінірек сол бір жылы ішінде қайталап жасалатын болса, онда ол кәсіпкерге 200 АЕК көлемінде айыппұл салу қаралады. Мараторий болмаған кезде, қарсы тексеру жасалып қанша түрде табыс алғаны белгілі болып, тиісті шешім қабылданатын еді. Қазіргі таңда кәсіпкерлерге мараторий болғандықтан, тиісті ескертумен шектеліп отыр.