Елордада баспасөз хатшыларына арналған шеберлік сабағы ұйымдастырылды

Оны АҚШ-тан арнайы келген журналист, медиа сарапшы, қоғаммен байланыс және коммуникация саласының маманы Маргерит Хокси Салливан өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тәжірибелі маманның айтуынша, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторлардың баспасөз хатшысы БАҚ өкілдерін жүйелі түрде ақпарттандыруы тиіс. Әсіресе белгілі бір жағдайдағы «дағдарыс кезеңінде» қажетті ақпаратпен дер кезінде бөлісіп отыруы керек. Себебі бұл әр мекеменің ресми өкілі саналатын азаматтардың беделі мен біліктілігі үшін өте маңызды, - дейді Маргерит Хокси Салливан.

Маргерит Хокси Салливан, журналист, медиа сарапшы:

- Мәселен, аймақты су басты немесе жер сілкінді делік. Мұны «Дағдарыс кезеңіне» жатқызуға болады. Мұндай жағдайда баспасөз хатшысы не істеуі керек? Әрине, БАҚ өкілдеріне қолда бар ақпаратты жеткізу қажет. Ол үнемі журналистермен байланыста болуға тиіс. Бүгінгі шеберлік сабағымның  мақсаты – баспасөз хатшыларының біліктілігін арттыру. Оларға уақытты тиімді пайдаланып, дағдарыс кезінде қалай әрекет жасауды үйрету.