Шымкентте балық шаруашылығы өрістеп келеді

Шымкентте инкубациялық әдіспен балық уылдырығынан шабақ алу ісі өрістеп келеді. Шаруашылығын дамытуға ден қойған кәсіпкерлер жасанды бассейн салып, «Африкалық жайын» балығын көбейтіп жатыр. Нәтижесінде жылына 500 тоннадан астам тауарлы өнім дайындалып отыр. Кәсіпкерлер ішкі нарықты қамтып қана қоймай, алыс-жақын шет мемлекеттерге де экспортталатынын айтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кәсіпкер Данияр Рахымжановтың шаруашылығында 72 бассейн бар. Мұнда негізінен африкалық жайын мен тұқы өсіріледі. Өйткені балықтың бұл түрі тұтынушылар тарапынан сұранысқа ие. Қылқаны аз, дәмі де тіл үйіреді. 

Данияр Рахымжанов, кәсіпкер:

- Қазір африкалық сомның шабағы шамамен 500-600 мыңға жетеді дәл қазіргі уақытта. Сәл ірісінің 20-30 мыңдайы бар көлге тасталатыны. Бұл африкалық сомның бассейндері босағаннан кейін карптың шабақтарын тастаймыз деп отырмыз.

Балықтың бұл түрін өсіру кәсіпкерлерге аса тиімді. Өйткені небәрі жарты жылда 2 келіген тарта салмақ жинайды. Сондай-ақ кез келген ауруға иммунитеті қалыптасқан. Шабақтарын сағат сайын азықтандырса, ірісіне күніне 3 рет жем шашады. Жергілікті 10 адам тұрақты жұмысқа тартылған.

Данияр Рахымжанов, кәсіпкер:

- Біздің елімізде бұл балық тек біздің оңтүстікте ғана өмір сүре алады. Неге десеңіздер, Қазақстанның басқа түкпірлерінде суық қой. Ал оңтүстік ыстық. Бұлардың бір ерекше жері, судың температурасы 27-20 градустан төмен болмауы керек. Сол кезде бұлар жақсы өседі.

Балық шаруашылығына ден қойған кәсіпкерлер бұрын негізінен шабақ сатып алатын. Енді олар өздері уылдырықтан тауарлы балық дайындап жатыр. Алғашқы «африкалық жайынның» аналық тұқымы Тайландтан әкелініпті. 

Данияр Рахымжанов, кәсіпкер:

- Біз білмейтін едік қой. Мынау бір жылдық балық ол да уылдырық шашатын. Қазір біз өзіміз аналық істеп жатырмыз. Мына балықты күзде аулаған кезде ішінен жақсысын, үлкендерін жинап алып қоямыз. Содан ұрықтарын алып, пайдаланамыз.  

Аймақ шаруалары арасында балықтың қорегі мен құнарлы жеміне қашан да сұраныс көп. Тиісті басқарма бұл мақсатта іс бастаймын деген кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін іздестіріп жатыр.

Сағдат Маханов, қалалық Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бас маманы:

- Қазіргі уақытта өзіміздің балық асырап отырған кәсіпкерлермен келіссөз жүргізіліп жатыр. Балықтың құрама жемін шығару үшін. Арнайы мемлекет тарапынан қаржы бөлу немесе мемлекет тарапынан қолдау құралдарын қарастыру бойынша.

Данияр Рахымжановтың балық шабақтары бассейнде өсіріліп, кейін жасанды көлдерге жіберіледі. Ол үшін шаруашылық иесі қала іргесіндегі өзен-каналдардың аумағынан 11 тоған салған. Тұтынушылардың көптігі сонша биыл өндірілген тауарлы балықтың барлығы сатылып кетті, - дейді кәсіпкер.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.