Абай облысының Бородулиха ауданындағы көшелерге ұлт зиялыларының есімі беріледі

Абай облысының Бородулиха ауданындағы идеологиялық тұрғыдан ескірген көшелерге ұлт зиялыларының есімі беріледі.

Мәселен, биыл Дмитриевка ауылындағы Ленин көшесін - Абай, Киров көшесін - Жібек жолы деп атау жоспары бар. Өңірде былтыр 9 көшенің атауы өзгерген. Алайда ауданда атынан мән кеткен ауылдар әлі де аз емес. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, олардың түпкі тарихи атауы бар. Мысалы, Новопокровка - Жұра, Камышенка - Қамысты, Михайловка - Мықы, Дмитриевка - Шұңқыр ащы, Бородулиха - Үлкен көл, Ивановка - Маралбай, Переменовка - Бәйгетөбе, Орловка - Қыранды, Буркотова - Бүркітті деп аталған.

Әбілсерік Әлиәкбар, Новопокровка ауылының тұрғыны, әдебиет зерттеушісі:

- Абай облысы жеке өңір болып жатыр. Соның ішінде өзге ұлт өкілі басым жердің бірі Бородулиха. Бұрын мүмкіндік болмады. Енді барлық ауылдар бұрынғы тарихи атауын алса деп ойлаймыз.

Нұргүл Жақсылықова, Бородулиха ауданы әкімінің орынбасары:

- 2019 жылы Ақши, Жарбұлақ, Құнарлы, Қарағайлы, Жақсылық деген атаулар берілді. Биыл да бұл жұмыстар жалғасады. Тұрғындардан ұсыныс түссе, өздері жиналыста талқыласа қарастырамыз.