2023 жылы елде 409 млн түп ағаш егіледі

2025 жылға дейін 2 млрд тал егу жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің басқарма басшысы Мәди Нұрпейісов айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылы Қазақстан халқына Жолдауында осындай тапсырма берген болатын.  Былтыр елімізде 283 млн көшет отырғызылған екен.

Мәди Нұрпейісов, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің басқарма басшысы:

- Енді биылғы жылы да кезең-кезеңімен, байқап отырсаңыз, ағаш отырғызу көлемі ұлғайып жатыр. Осыған байланысты 409 млн ағаш отырғызу жоспарланған. Қазіргі таңда оңтүстік аймақтарда көктемгі жұмыстар басталды. «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасында қарастырылған. Ол бойынша 65 млрд теңгеден астам қаражат қажет деді. Оның бюджеті жылма-жыл шығынға байланысты өзгертіліп отырады.