Маңғыстау облысында теңіз жаяу әскерлері дайындығын пысықтады

Маңғыстау облысында шоғырланған теңіз жаяу әскерлері бригадасы кезекті рет ұрысқа дайындығын пысықтады. Бұл жолы артиллеристердің жауынгерлік тапсырманы жедел орындауына басымдық берілді. Оқу-жаттығу кезінде зеңбірекшілер ірі калибрлі гаубица, миномет және реактивті зымыран жүйесінен түрлі қашықтықтағы нысаналарды дәл көздеп-жоюға машықтанды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаттығу бағдарламасында көрсетілген тапсырманың бірі – бригаданың қорғаныс шебіне беттеген әскери техника колоннасын жою. Зеңбірекшілер жылдам қимылдап, ұрысқа қамданды. Ату нүктелері дайын болғасын, басшылық құрамнан бұйрық күтті.  

Жаудың бронды машиналары талқандалған соң, жер бауырлаған жаяу әскерге минометшілер тобы оқ жаудырды. 122 миллиметрлік снарядтар түрлі қашықтықтағы нысаналардың күлін көкке ұшырды. Әскери теңізшілер бригадасы шабуылына шыдамаған қарсылас шегінуге мәжбүр болды.

Берік Елеусізов, №25744 әскери бөлім командирінің орынбасары:

- «Оймаша» әскери полигонында басшылық құрам артиллериялық бөлімшілерді ұрысқа мейлінше жақын жағдайда басқару шеберлігін байқатты. Зеңбірекшілер «Град-1» реактивті зымыран жүйелері мен «Рапира» маркалы танкке қарсы атыс қаруынан оқ атудан да мергендік танытты. Жаттығу аясындағы барлық норматив өз уақытында орындалды.

Теңіз жаяу әскерлері бригадасының жеке құрамы бүгінгі жаттығудан кейін  қару-жарақ түрлерін, әскери және арнайы техниканы жазғы пайдалану кезеңіне ауыстыруға кіріседі.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев.