СҚО-да әскерден жалтарып жүргендер көп

Жастардың көбі әскерден жалтарып жүр. Мәселен, тек Солтүстік Қазақстан облысының өзінде 800-ге жуық азамат тиісті мекенжайынан табылмай, сала мамандарын сергелдеңге салып қойды. Отан алдындағы борышын өтегісі келмейтіндер кейбірі тіпті шетел асып кеткен. Бүгінде оларға іздеу жарияланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Солтүстік Қазақстанда әскери есепте 16 мыңнан астам адам тұр. Бірақ көбі әскерге барғысы келмейді. Айтатын сылтаулары да сан алуан. Рас, Отан алдындағы борышын өтеймін деп әскери комиссариатқа өз келгендері де жоқ емес. Солардың бірі Болат Алпысбаев әке жолын жалғап әскери салада еңбек етуді мақсат етеді.

Болат Алпысбаев, әскерге шақырылушы:

- Өзім Петропавл қаласының тумасымын, 20 жастамын. Қонаев қаласындағы Қарулы күштерінің әскери бөліміне барамын. Соған қуаныштымын және мақтан тұтамын. Менің бүкіл отбасым – әскери адамдар. Үлкен ағам – офицер. Екінші ағам осында контрактпен жұмыс істейді, Петропавл қаласында. Әкем де.

Бұрындары науқан кезінде медициналық тексерістен өтетіндер мына бөлмелерге сыймай, тіпті ұзын-сонар кезек қалыптасатын. Қазір тек санаулы адамды ғана кездестіресіз. Мамандардың айтуынша, әскер жасына жеткендердің көбі тиісті мекенжайларында тұрмайды. Бүгінде облыста 800-ге жуық адамға іздеу жарияланды. Тіпті Қазақстаннан өзге елге кетіп қалғандар да жоқ емес.  

Марат Кәрімов, облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары:

- Наурыз айында 15 сарбазды шекара қызметіне аттандырдық. Енді, міне, 25 адам Қарулы күштер қатарында сап түзейді. Көктемгі науқанда біздің облыстан 555 азамат әскер қатарына алынуы тиіс. Сондықтан жергілікті атқару органдарымен жұмысты күшейттік. Маусым айының соңына дейін жоспарды орындаймыз деп ойлаймыз. 

Азаматтарды мерзімді әскери қызметке ынталандыру мақсатында елімізде түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Соның бірі – жастарға кредиттік каникул болса, екіншісі жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік. Дегенмен жастар бұл жаңашылдыққа аса қызығып отырған жоқ.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов.