Жетісу облысында «Инватакси» көліктерінің саны екі есеге дейін артады

Жетісу облысында жыл соңына дейін мүгедектерге такси қызметін көрсететін көліктердің саны екі есеге дейін артады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір аудан, қалалардағы «Инватакси» қызметі 23 көлікпен жүзеге асырылып жатыр. Еліміздегі ұлттық қорлардың бірі Жетісу облысына арнайы жабдықталған 3 су жаңа көлікті сыйға тартты. Мүгедектігі бар тұлғаларға қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында биыл «Инватакси» қызметін көрсету үшін жергілікті бюджеттен 300 млн теңгеге жуық қаражат қаралып отыр. Оған осындай 10 көлік сатып алынатын болады. Өңірдегі «Инватакси» қызметін 15 үкіметтік емес ұйым жүзеге асырады. Олар жыл басынан бері 12 мыңнан астам шақыртуға барған.

Елдос Баялышбаев, мүгедектерге арналған спорттық оңалту орталығының директоры:

- Осындай жап-жаңа судай «Инватакси» берілді. Өте ыңғайлы, 3-4 арба бірге сыяды. Біздің Талдықорғандағы мүмкіндігі шектеулі жандар енді ауруханаға, өзінің жұмыстарына барады, үлкен көмек деп санаймын.

Ермек Мизамбаев, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының м.а.:

- Жетісу облысында 23 мың мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оның ішінде 3200-і – балалар. Осыған сәйкес біз Жетісу облысында аталған бағытта жүйелі әлеуметтік қызмет көрсетулерді жалғастырып келе жатырмыз.