Адам өмірін арашалаған 11 бала Астанадан марапат алды

Елдің әр өңірінен 11 оқушы Астанадан марапат алды.

Қарашадай ғана бұл балалар адам өмірін арашалап қалғандар. Жетеуі суға батып бара жатқан қатарластарын құтқарса, екеуі өрттен бауырларын аман алып шыққан. Тағы екі бала мектепте қауіп төндірген оқушыларға тосқауыл болған. Бүгін осы оқушылар ғана емес ата-аналарының да еңбектері ескеріліп марапаттар табысталды. Министрдің өзі қайсар балаларға алғысын айтып, олар өзге оқушыларға үлгі-өнеге екенін атап өтті.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Бұдан былай біз бұл балаларды тек ғана бір жолды ғана құттықтап ғана қоймай арнайы есепке алып, осы балалардың болашақта мықты азамат болып қалыптасуына Оқу-ағарту министрінің өзінің жанағы бақылауын жүргізе отырып қолдау көрсетуді тапсырдым.

Абай Әмірхан:

- Мен секіргенде ешқандай қорқыныш болған жоқ. Бірақ та суда болғанда оны артқа қарай тартып бара жатқанда қорқыныш болды. Мұзға қарай жеткізе алам ба жеткізе алмайм ба деген қорқыныш болды.