Туризм – Арал аймағы экономикасының негізгі саласы саналады

Туризм – Арал аймағы экономикасының негізгі саласы саналады.

Әсіресе Қамбаш көлінің мөлдір суы мен құмды жағалауын аңсап алыс-жақыннан келетіндер көп. Алайда әлемдік пандемия мен қуаңшылық салдарынан су айдыны 3 жыл бойы туристерді қабылдай алмады. Сырдарияның суы көтерілгендіктен кемеріне жеткен Қамбаш тынығу аймағына биыл 100 мыңдай адам келеді деп күтіліп отыр. Жалпы Қызылорда облысының «Аймақты туристендіру» картасына енген Жаңақорғандағы шипажайлар, Байқоңыр ғарыш айлағы және Қамыстыбас көлдер жүйесінің тартымдылығын арттыруға баса мән берілмек. 

500 гектардай аумақты алып жатқан Аққұмшық жағалауына жаздыгүні тәулігіне 2 мыңдай адам келеді. Демалушыларға жағдай жасайтын жүзге жуық кәсіпкерлік нысан бір маусымда аудандық бюджетке 20 миллион теңгедей табыс түсіріп, жергілікті жүз шақты тұрғынды жұмыспен қамтиды. Сонымен суы тамаша, табиғаты жанға жайлы Қамбашта сервис нашар. Оны Испаниядан келген туристер де байқапты. Барселонадан Моңғолияға бет алған ерлі-зайыпты Адриа мен Мар жолай Арал теңізі мен Қамбаш көлін көруді күні бұрын жоспарлапты.

Мар Мадриа, турист (Испания):

- Қазақстанға алғаш рет келіп тұрмыз. Атырау, Ақтөбеден өтіп арнайы Аралға табан тіредік. Айналасы батпақ болғасын теңізге жете алмадық. Ал күре жолдың бойында орналасқан Қамбаштың суы тұнық, керемет екен. Бірақ испан жағалауында міндетті түрде болатын медициналық бекет пен қолшатыр, балалар ойнайтын алаңқайлар көрінбейді. 

Адриа Масо, турист (Каталония):

- Арал қаласындағы музейге бас сұғып, теңіз бен көл жайында біраз мағлұматқа қанықтық. Қамбаш суының емдік қасиеті бар дегенді де оқыдық. Өз көзімізбен көруге құмарттық. Байқағаным жағада қоқыс көп және әжетхана жағы сын көтермейтін секілді.

Қызмет көрсетуші кәсіпкерлерден санитарлық тазалықты сақтау неге талап етілмейді? Осы сұрақты сала мамандарына қойғанымызда бұған дейін бұл жағажайдың құжаты болған жоқ. Заңды егесі болмағаннан кейін ешкімнен талап ете алмаймыз деген жауап алдық. Енді биылдан бастап демалыс аймағы заңдастырылып, жеке кәсіпкерге 10 жылға жалға беріліпті. 

Алдаберген Исаев, Қамыстыбас ауылдық округінің әкімі:

- Оны енді мойындауымыз керек. Биыл енді бәрі заңдастырылып, аудандық кәсіпкерлік бөлімі ұсынған талапқа сай жұмыс жасайтын болады. Бәріміз де заңға бағынуымыз керек. Пайда табамыз деп ұлттық ерекшелігімізді ұмытуға болмайды. 1-орында туризм болғаннан кейін бұл да мәдениет аймағы деп есептелген дұрыс қой.  

Енді бірер күнде кәсіпкерлер жөндеу жұмыстарын жүргізуге кіріседі. Сондай-ақ жағалауға апаратын бір жарым шақырым жолға асфальт төселіп, арнайы автотұрақ салынады. Салқын сабатты көл маңында этнографиялық және тарихи туризм қолға алынбақ. Таяу уақытта елді мекенге газ тартылса, қыстық сейіл құру мен саятшылық жобалары да жүзеге асырылмақ. Бірақ әзірге мұның бәрі қағаз бетінде.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев