Аралда егіс көлемі ұлғайды

Арал аймағындағы ылғал көбейіп, тұрғындар тыңнан түрен салуға кірісті.

Аудандағы 24 ауылдық округтің тек екеуінде ғана 200 гектардай алқапқа дән себілсе биыл 16 елді мекеннің тұрғындары егістік басында жүр. Теңіз маңын мекендесе де тіршілік нәрінен тарыққан шаруалар егіс көлемін мың жарым гектарға жеткізіп отыр.

Ес білгелі теңіз-көлде балық аулаумен айналысқан Марат Сапаров биыл егінге бет бұрып отыр. Ауылдастарымен бірге жоңышқа мен картоп егуге бел буған Аманөткел елді мекенінің тұрғыны ау-қармақ тиелген қайықтан соқа жегілген трактор тізгініне ауысып үлгерді. Сырдария суын алқапқа жаңбырлатып себетін құрылғы әкеліп қойған шаруашылық 3 орымдық жоңышқаның арқасында алдағы қыстан қысылмай шығамыз деген үмітте.     

Марат Сапаров, Аманөткел ауылының тұрғыны:

- Алдыңғы жылдардан гөрі биыл өте жақсы су. Көлдер толық, дарияда су бар. 1 сәуірден бастап жер жырту науқанын бастадық. 100 га жердің осы тұрғанда 50-дейін жыртып болдық, енді жартысы бар. Тырмалап содан кейін барып дән себуге кірісеміз.  

Сыр беткейден бөлек қырға қоныс тепкен құм арасындағы жұрт та бау-бақша дақылдарын егуге кіріскен. Олар қырат-жоталарда жиналған қар мен құдық суын пайдаланады. Қауын-қарбыз тұқымын үлбір астына отырғызып, топырақ қыза бере тамшылатып суарады. Осы әдісті пайдаланып өткен жылы мол өнім алған Атаншы ауылының тәжірибесін Ақирек, Сексеуіл елді мекендері жалғап әкеткен. 

Жәнібек Жұбанов, Арал аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Су алу лимитін бекітіп алдық. Бізге 13 млн текше\метр су қажет. Осы 2023 жылдағы жоспарды орындау бойынша. Қыр жақта көл де жоқ, дария да жоқ. Бірақ су ұңғымасын пайдалану арқасында 15 га жерге ақтөбелік кәсіпкер келіп екті. Соның жемісін Қызылорда, жақын аудандарға сатылымда болды.

Ауданда енді егіс көлемін 3 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл мақсатта Сарытерең, Қарашалаң каналдары тазартылып, егістікпен қатар мың жарым гектардай шабындық пен жайылымдықты суландыруға мүмкіндік жасалып жатыр.

Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев