БҚО-да кене қаптады

Батыс Қазақстан облысында кене қаптап, мал баққан ағайын әбігерге түсті.

Аймақтың оңтүстік-батысындағы Казталов, Жәнібек, Жаңақала және Бөкей Ордасы аудандарында төрт түліктің үстін, қансорғыш жәндіктер жайлаған. Шаруалар түрлі дәрі-дәрмек шашып улағанымен мал кейін жайылымнан тағы жұқтырып қайтады екен. Әлеуметтік желіде тараған видеоларда төрт түліктен бөлек киіктердің де кенеден зардап шегіп жатқанын байқауға болады. Жергілікті жұртшылық далада зиянкестердің мұншалықты көбейіп кетуін, ақбөкендермен байланыстырады. Ветеринария басқармасының мәліметінше, энзоотиялық аурулардың алдын алуға жыл сайын бюджеттен 26 млн теңге бөлінеді. Алайда ол қаражат тек жеке тұрғындардың малын емдеуге ғана жұмсалады екен.

Серік Нұрмағанбетов, облыстық ветеринария басқармасының басшысы:

- Соңғы 2-3 жылда кененің көбеюіне байланысты облыстық бюджеттен ақша бөлініп келеді. Мысалы, былтырғы жылы 130 мың ірі қараны дәрілеген болсақ, биыл бөлінген қаражат пайдаланылатын дәрі дәрмектің қымбатсуына байланысты 100​ мыңның үстіндегі малды екі қайтара жасауға жеткілікті. Бұл дәрі дәрмекті қосалқы шаруашылықтағы жеке адамдар малына жұмсап тұрмыз. Шаруа қожалықтары өз есебінен жүргізуге тиісті.