Ордабасы ауданында 100 шақырымнан астам канал жөнделеді

Түркістан облысының Ордабасы ауданында ұзындығы 100 шақырымнан асатын 10 канал күрделі жөндеуден өтеді.

Оған республиалық және жергілікті бюджеттен 10 млрд теңгеден астам қаржы қаралған. қазір ұзындығы 25 шақырымды құрайтын «Қараспан» магистральды каналын бетондау жұмыстары жүріп жатыр. Канал құрылысы толық аяқталғанда аудандағы қанша гектар алқапты суаруға мүмкіндік туады? Қанша ауыл ағынсумен қамтылады?

Ауыл тұрғындарының табысын арттыруда суармалы жердің үлесі ерекше. 1940 жылдары пайдалануға берілген «Қараспан» магистралды каналы арқылы Қараспан ауылындағы 4,5 мың гектар жер суғарылады. Одан бөлек 370 гектар үйіргелік жер осы арықтан су ішеді. Алайда су арнасы әбден тозған. Шаруалардың айтуынша, кейінгі 20-30 жылда табаны лай мен батпақ толып, ағынсудың 25-30% жерге сіңетін болған. Соның салдарынан диқандар жаз айларында егістікке су жеткізе алмай қиналады.

Бектас Қоштыбайұлы, ауыл тұрғыны:

- Бұл суды 24 шақырымға апаратын болсақ, сол кезде осындағы 12 елді мекеннің барлығы осы судан су ішеді. Егін болған соң, судың уақытылы болғаны жақсы ғой. Құдай қаласа, Қараспан ауылдық округі толық ағынсумен қамтамасыз етіледі, егіннен мол өнім алады деп ойлаймыз.

Мұнда құрылыс жұмыстары өткен жылдың қараша айында басталған. Бүгінге дейін 5 шақырымы бетондалып, су беру маусымына дайын тұр. «Қалған жұмыстар келер жылдың соңында толық аяқталады»,- дейді жауаптылар. Жоба құны 3 млрд 300 млн теңге. Бүгінге дейін соның 400 млн теңгесі игерілген. Мамандар канал пайдалануға берілген кезде мыңдаған гектар суармалы жердің жағдайы жақсаратынын айтады.

Нұрбек Бадырақов, Ордабасы ауданының әкімі:

- Ауданда 900-ге жуық шаруа осы канал арқылы ағынсуды пайдаланады. Жылдық су пайдалану көлемі 40 млн текше метрге дейін жетеді. Ең басты себеп бұл каналдың пайдалы әсер коэффициенті 70% көлемінде. Канал жөндеуден өткеннен кейін бұл 95% дейін жоғарылайды. Ол 20-25% ағынсудың ысырабын болдырмайды деген сөз.

Бұдан бөлек ауданда жобалық құны 5 млрд 100 млн теңге болатын республикалық меншіктегі 4 каналға күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Олар Найман, Қазыналық және Р-6 және Құртай каналдары. Сондай-ақ тағы облыстық меншіктегі 5 каналды бетондауға 2 млрд теңге қаржы бөлініп отыр. Диқандар осы 5 каналдың өзі 6 мың гектар суармалы жердің жағдайын жақсартатынын айтады. Сонымен қатар бүгінге дейін механикалық тазалауды қажет ететін 100 шақырым ішкі шаруашылық каналдардың 45 шақырымы тазаланған. Көктемгі егіс науқанына үлкен дайындықпен келген Ордабасылық шаруалар биыл 70 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылын егуді жоспарлап отыр.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш