Жезқазғанда ауыз судың сапасы нашар

Жезқазған жұрты ауыз судың тең жарымын Кеңгір ашық су қоймасынан тұтынады.

Бірақ қоймаға тіршілік нәрі еріген қар суынан жиналатын болған соң сапасы көңіл көншітпейтіні рас. Өкінішке орай, тұрғындар тілегі биыл да орындалмайтын секілді. Су тасу маусымы аяқталуға жақын, ал қоймаға келген судың көлемі тым аз. Сыйымдылығы 319 млн текше метр болатын жасанды көлдің үштен екісі ғана толды.

Кеңгір су қоймасы соңғы рет 2015 жылы арнасынан асып, тасыған еді. Содан бері жылына 50-60 млн текше метрден артық су түспей келеді. Бұл қала халқының жылдық тұтыну көлемі. Мұның сыртында жаз айларында жүретін булану процесін қосыңыз. Әрине су толмаған соң қоймадағы тіршілік нәрінің сапасы да нашарлай беретіні сөзсіз. Қазір Жезқазған тұрғындарының басым бөлігі ауызсуды сүзгіден өткізіп ішетін болған.

БЛИЦ

- Судың сапасы нашар өте. Ішуге келмейді. Бірыңғай бөтелкемен заказ беріп ішеміз. Дәмі шығады. Былай жуынуға болмаса. Тамақтың өзін фильтрдің суына пісіреміз. Қайнатқанның өзінде шәйнектің түбінде накип тұрып қалады ғой.

- Ішетін судың сапасы өте нашар. Сондықтан, мұршамыз келгенше фильтр орнатып қойдық. Содан ішеміз.

- Сатып алып жүрдік. Қазір енді фильтр қойып алдық. Оның өзі көпке шыдамайды. Үш айда бір ауыстыру керек дейді, бірақ бір айда бітіп қалады фильтрдің өзі.

Қазір су қоймасындағы судың сапасы орташа деңгейде. Яғни ішуге жарамды. Санитарлық қадағалау департаменті күнделікті тексеріп отыр. Дегенмен, тағы бірер жыл көлге су толмаса сапасы тіптен нашарлауы мүмкін.

Қуат Имантүсіпов, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

- Жалпы енді бұл Кеңгір су қоймасы жеке пайдаланушының қарауында ғой. Бүгінгі күнге дейін табынынан тазалау жұмыстары жүргізілген жоқ. Енді алдағы уақытта біз Кеңгір су қоймасын республикалық баланс есебіне алуды сұрап отырқ. Республикалық баланс есебіне алса бұл стратегиялық объектілер тізіміне енгізіледі. Республикалық дәрежеде қадағаланып, күтіп баптау жүргізіліп отырады.

Су қоймасы мемлекет балансына өтсе, тіршілік нәрін тек тазартып ғана қоймай, оның сапасын арттыруға да мүмкіндік туады. «Сапа 100 пайызға жетпесе де екінші деңгейге дейін көтеріледі» дейді мамандар.

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева