Аралда балық көбейіп келеді

Кейінгі 3 айда Арал теңізіне бір миллиард текше метрден астам су құйылды.

Соның арқасында айдын деңгейі 80 сантиметрге көтерілді. Үш жылға созылған қуаңшылық салдарынан теңіз суы 27-ден 18 миллиард текше метрге азайып кеткен еді. Қазір жағдай біршама оңалды. Аралдан бөлек өңірдегі 200-ге жуық ірілі-ұсақты көлшіктің 90%-іне су барып, мыңдаған гектар шабындық пен жайылымдық алқап суландырылды. Әсіресе, несібесі теңізге тәуелді балықшылардың қуанышында шек жоқ.

25 жылдан бері су маржанын сүзіп, нәпақасын тереңнен терген Айтуған Кенжебаев ау-қармағын даярлап теңізбен қауышатын күнді тағатсыздана күтіп жүр. Аманөткел ауылының тұрғыны күні бұрын балықшы ретінде тіркеліп, ескекті және моторлы қайығымен қатар рұқсат қағазын да сайлап қойған. Айдын беті мұздан аршыла бергенде түстіктен соққан дауыл он күннен бері дамыл таппай тұр. Сол себепті ашық теңізге шыға алмаған балықшылар әзірге көлдерге ау салып жүр.

Айтуған Кенжебаев, балықшы:

- Биыл, құдайға шүкір, су жақсы келіп жатыр. Көл орнына келіп қалды. Жұрт осы жерден нәпақасын тауып жүр. Қазір тісті, торта, шортан, тыран деген балықтар шығып жатыр. Су болса балықшының мазасы кетпейді. Ауылда 450 үй болса соның 70%-і балық аулайды. Балықшы ауыл бір жағынан малмен айналысамыз. 

Мемлекет басшысының тапсырмасымен өткен жылы Солтүстік Аралды сақтау жобасы қаржыландырылды. Қазіргі таңда теңізді екіге бөліп тұрған Көкарал гидроқұрылғысын жөндеу жұмыстары басталып кетті.

Серік Сермағамбетов, Арал ауданының әкімі:

- Соған 500 млн тг қаржы бөлінді. Қарашалаң көлінен 2 канал және Бөген қасындағы Сарытерең каналынан 1 канал қазу басталып кетті. Осы жұмыстар, жоба 2024 жылы іске асырылатын болады. Соның нәтижесінде теңіздің тұздану жағдайы төмендетілетін болады да тұщыланады. Ол балықтың өнуіне өзінің септігін тигізеді деген ойымыз бар. 

Тұщыланған тіршілік нәрі құрамында сульфатты анион мен кальций катионы мол екенін дәлелдеген ғалымдар Арал теңізінде балық тез өрбитінін анықтаған.  Физикалық заңдылыққа сәйкес солтүстік жарты шардағы барлық теңіз-көлдің суы сағат тілі бойынша айналымға түссе, Арал ағыны оған қарсы жүреді. Одан бөлек әлемдегі өзге теңіздердің ұлтаны тереңдеген сайын судағы оттегі мөлшері азаятын болса, Аралда керісінше көбейеді екен. Сол себепті Сыр өзені арқылы толығатын теңізде балық аулау лимитін бұрынғыдай 150 мың тоннаға дейін жеткізуге болады. Ал әзірге бұл көлем 50 мың тонна шамасында ғана.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев