Алматы облысында кәсіпкер православие зиратына кіретін жолды жауып тастады

Алматы облысында кәсіпкер мен тұрғындардың арасында зират маңындағы жолға қатысты дау туындады.

Қарасай ауданының Іргелі ауылында орналасқан православ зиратына кіре алмай қалған тұрғындар жолды жапқан бизнесменнің әрекетіне наразы. Тіпті ауыр техникалардың әсерінен, қабірлер зақымдалды,-дейді олар.

Жақындарының рухына тағзым етіп, қабірдің айналасын қоқыстан тазалауға келген Елена Брюзгинамен өзге де адамдар зиратқа қақпадан емес, қоршаудың тесігінен кіріп-шығуда. Сөйтсе, жанына іргелес салынып жатқан құрылыс нысанының егесі жолды жауып тастапты. Кәсіпкер зират маңындағы жердің өзінің жекеменшігі екенін алға тартады.

Елена Брюзгина, тұрғын:

- Қазір мұндағы қабірлердің біразы сол кәсіпкердің жерінде жатқан болып тұр. Ол осы жерді 2015 жылы сатып алса, мұнда 2016, 2022 жылға дейін жерленгендер бар. Оның мына жолды жауып тастауға құқығы жоқ. Өйткені бұл жол газ қызметін көрсететін мекемеге де апарады. 

Тұрғындар жер иесімен кездесіп, ортақ келісімге келе алмапты. Оған қоса ауыр техниканың салдарынан жолға жақын жердегі бірнеше қабір ойылып кеткенін айтады.

Ольга Панковская, тұрғын:

- Біріншіден, зиратқа кіріп шығатын қақпаны қалпына келтіруін талап етеміз. Қоршаудағы қазіргі өткел арқылы мәйітті алып өте алмайсың, өте тар. Осы жердің шырақшысы да бар. Сол адамның қолында қақпаның кілті болуы керек.

Таласқа түскен жер телімі «АВАН Құрылыс» серіктестігіне тиесілі екен. 1 гектар жерді 2015 жылы кәсіпорын салу мақсатында сатып алған. Телекамераға сұхбат беруден бас тартқан кәсіпкер: «Тұрғындардың жауапсыздығынан осындай әрекетке бардым», - дейді. Ал аудандық атқамінерлер болса 30 жыл бойы тұрған зираттың құжаты жоқ екенін айтады. 

Ерлан Сұлтанов, Қарасай аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы:

- Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде жер телімі өнеркәсіптік базаға тиесілі деп көрсетілген. Кіреберіс жол да солардың меншігінде. Бұл зираттың мүлдем құжаты жоқ, мемлекеттік акті болмаған. Сонымен қатар менің білуімше зиратта мәйіттерді жерлейтін орын қалған жоқ. Сондықтан жауып тастасада болады. Ал өнеркәсіп базасының иесімен сөйлесіп, тұрғындар зиратқа кіріп-шығатын жолды жаппауын сұраймыз. 

Меншік иесі де келісімге келуге әзір. «Егер тұрғындар зираттың айналасын таза ұстап, қаңғыбастарға қалдық қалдырмайтын болса, қақпаның кілтін қолдарына ұстатамын», - дейді кәсіпкер.

Аршын Кемелжан, Радик Жакупов