Таразда қылмыстық топ мүшелері қолға түсті

Таразда қылмыстық топ мүшелері қолға түсті. Олар адамдарды бопсалап, кәсіпкерлерге қарыздарды қайтару секілді әрекеттерімен полицияның назарын аударған.

Құқық қорғаушылардың мәліметінше қылмыстық топ жетекшісі өзін қоғам белсендісі ретінде көрсеткен. Жастарды тәрбиелеу жөніндегі патриоттық қозғалыс атын жамылып, қайырымдылық қорын құрған. Қылмыстық беделін "әділетті жақтаушы" блогер деп өзгертіп, әлеуметтік желіге жиі шығып жүрген. Өз қорына жарна ретінде кәсіпкерлерден ақша бопсалап отырған. Бұған келіспегендерге күш қолданған.   

Қуандық Алпыс, ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы:

- Полицияға топтың тоғыз мүшесі жеткізілді, 20-дан астам тінту жүргізіліп, “қаңтар” оқиғасы кезінде облыстық полиция департаментінен ұрланған “Калашников” автоматы, екі “Макаров” тапаншасы, мылтық, травматикалық тапанша мен басқа да суық қару тәркіленді. Сонымен қатар қылмыстық топтан екі келіден астам есірткі тәркіленді. Қылмыстық топқа қатысушыларға қатысты бопсалау, қару мен есірткіні заңсыз сақтағаны үшін 12 қылмыстық іс қозғалды.