Семейлік оқушылар «Discover Abai» атты мобильді қосымша ойлап тапты

Семейлік оқушылар туристерге арналған «Discover Abai» деп аталатын мобильді қосымша ойлап тапты.

Үш тілде қызмет көрсететін құрылғыда Абай облысындағы киелі жерлер мен тарихи орындар туралы мағлұмат жинақталған. Қосымшада қазақ тілін үйрететін сабақтарды да жүктеп алуға болады. Абайдың өмірбаянымен танысып, өлеңдерін оқуға да мүмкіндік бар. Мобильді қосымшаны ойлап тапқан оқушылар Нұрлыхан Маратов пен Темірлан Темірбаев республикалық хакатон байқауына қатысып, бас жүлде иеленген. Қосымша алдағы уақытта жетілдіріліп, барлық платформаға жүктеледі.

Нұрлыхан Маратов, 9 сынып оқушысы:

- Біздің мақсатымыз - туристерге Абай облысы туралы жан-жақты, толық мағлұмат беру. Олар өңірге келгенде адасып жүрмеуі керек. Аймақтағы тарихи орындарға, ерекше ғимараттарға, мейрамханаларға қатысты мәліметтің бәрі қолында болғаны ләзім.

Меруерт Серікбаева, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

- Жалпы Нұрлыхан мен Темірланның информатика пәніне, ІТ саласына қызығушылықтары 5 сыныптан байқала бастады. 7 сыныптан түрлі ғылыми жобаларға, олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды алып жүрді. Келешекте шәкірттерімізден үлкен жетісітктер күтеміз. Бұл жоба ары қарай жалғасын табады деген сенімдеміз.