Жүсіпбек Қорғасбек: Бес журналист «Жас Алаштан» бір кеште кетіп қалды

Жүсіпбек Қорғасбек: Бес журналист «Жас Алаштан» бір кеште кетіп қалды

Кезінде «Жас Алаш» газетін жаңа деңгейге көтеріп, абыроймен қызмет етіп жатқан Жүсіпбек Қорғасбек үшін 2004-жылдың 6-желтоқсаны ерекше оқиғамен есте қалған. Бұл жөнінде ол «Хабар» телеарнасындағы «Алғашқы» бағдарламасында айтып берді.

- Менің өмірімдегі өте күрделі кезең болды. Мен «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор болып жүргенмін. Маған Алтынбек (Сәрсенбаев ред.) қолқа салды. «Мен жігіттермен келісіп отырмын, «Жас Алашқа» бас редактор болып келсеңші» деді. Оның жігіттер деп отырғаны – жоғары жақта қызмет ететін азаматтар болуы керек. Бұл оппозициялық басылым болғанмен, оның басшылығы белгілі бір дәрежеде жоғары жақпен келісіледі. «Мен жазушымын. Маған Қазақ әдебиеті газеті жетеді. «Жас Алашқа» бармаймын» дедім. Сонда Алтынбек «Заман өзгеріп келе жатыр. Ертең кімнің қай жақта жүретіні белгісіз. Сенің қолыңда қазір ештеңе жоқ. Кез келген күні сені орныңнан алып тастай алады. Ал «Жас Алашқа» бас редактор болып келсең, мен жігіттермен келісіп, 25 пайыз акциясын саған беремін. Ол саған өмірлік азық болады», деді. Содан кейін ойлана келе келістім. Осылайша жұмысқа кірісіп кеттім. Материалдарды күнбе-күн дайындаймыз, газеттің жұмысы қайнап жатыр. Ақпарат ескіріп қалмау керек. Бір күні кешкісін кабинетіме бес жігіт кіріп келді. Олар – күнделікті өзім тақырып беріп жүрген, менен бұрын келгендердің өзін тәрбиелеп, жолға салғанмын. Бәрі мықты жазатын журналистер. «Біз кетейік деп шештік», – деді. Өте қиын сәт. «Сендер қалай кетесіңдер?» деп аңтарылып қалдым. «Бізге бір газет ашып беріп жатыр. Сонда кетеміз» деді. Мен ол газетті және оның иесі кім екенін де білемін. Қазір атын айтып, түсін түстемей-ақ қояйын. Ол бізге қарсы «Жас Алашты» құлату үшін ойлап табылған газет. Жігіттерді жұлып әкетіп, енді «Жас Алаш» құлайды деп ойлады. Солай жоспарланған ғой. Бес жігітті алып кеткеннен кейін редакцияда мен, Жұлдыз Әбділдә, корректор, газетті беттейтін, суретші, дизайнер сияқты мамандар ғана қалдық. Содан Алтынбекке хабарластым. Ол бірден келді. Мән-жайды түсіндірдім. Сары адам болғанмен іштей ашуланып, түтіккенде қап-қара болып кеткен екен. Ойланып отырып қалды. Ол кісі мені, редакцияны ойлап отырған жоқ. Әлгі кетіп қалған бес жігітті ойлап отырды-ау. Өйткені олардың бірі көмекшісі, бірі інісі, бірі тағы сондай өзінің сенімді адамдары еді. Ешқандай шешім қабылдаған жоқ, орнын тұрды да қоштасып кетіп қалды. Жұлдыз Әбділдә екеуміз ақылдасып, басқа журналист іздеуге кірісіп кеттік. Түнімен іздеп тауып, ертесінде-ақ мықты журналистерді жинап алдық. Газет мүлдем басқаша шықты. Бұған дейін де жұрттан мақтау естіп жүргенбіз. Бұдан кейін тіпті абыройлы бола бастадық. Кетіп қалған жігіттердің ішінен тек Есей Жеңіс бір-екі күн өткеннен кейін редакцияға келіп кетті. Соған ішім жылып қалды. Басқалары жолаған жоқ. Кейін Есейдің жұмыссыз жүргенін естіп, шақырып алып Ұлан газетіне редактор етіп тағайындадым. Бұл да бір өмірлік сабақ болған оқиға.

Сонымен қатар Жүсіпбек Қорғасбек «Жылантөбе хикаясын» қалай жазғанын айтты.

 «Ол заманда республикалық газет-журналға шығармаңның басылып шығуы өте қиын болды. Кезек тимейтін, өткізбейтін. Бірінші курста ауыл шаруашылығы жұмысына барғанда жылан шағып алып, ауруханада бір ай жаттым. Содан шыққаннан кейін ой түсіп «Жылантөбе хикаясы» деген повесть жаздым.  Соны екінші курсқа келгенде «Жалын» журналына алып барсам, екі прозаик, қазіргі мемлекеттік сыйлықтың лауреаты – Кәдірбек Сегізбайұлы мен Досан Жанботаев отыр екен. Апарып беріп едім «бір аптадан кейін хабарлас балам» деді. Бір аптадан соң барсам, екеуі «ойбай сен жазушы екенсің ғой» деп бас салды. Осылайша, екінші курста жүргенде алғаш рет «Жалын» журналына повесім шықты», -  деп жазушы естелігімен бөлісті.

Бүгінде Жүсіпбек Қорғасбектің «Көгілдір керуен» атты әңгімелер жинағы, «Жансебіл» атты повестер мен әңгімелер топтамасы, "Жынды қайың", "Үлпілдек", "Көкжалдар" және т.б. кітаптары жарық көрген.

Сұхбатқа сілтеме: https://www.youtube.com/watch?v=R4H9ymD_2Hk&t=2557s