Қарағанды қаласындағы қазандық жұмысынан заңсыздық анықталды

Қарағанды қаласындағы ел ішінде «Байқоңыр» аталып кеткен қазандықтың жұмыс істеуіне сот тыйым салды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еске салсақ, Күнгей ауданында 60 үйді жылытып отырған мекеме жайында арна тілшілері арнайы репортаж түсірген еді. Жер үйлермен қатар қоныс тепкен қазандықтан шығатын түтін мен қара күйе қалған тұрғынның шағымын тудырған болатын. Осы іске араласқан экологтар қазандықтың рұқсат құжаттарынсыз істегенін анықтап, жұмысты тоқтатуды талап еткен. Ал сот болса шағын жылу станцияның жұмыс істеуіне заңды тұрғыда хақысы жоқ деген шешім шығарды.

Айгүл Муталлапова, облыстық мамандандырылған экономикалық соттың БАҚ үйлестірушісі:

- Сот қазандықтың иелері рұқсат құжатсыз кәсіпкерлікпен айналысқанын анықтады. Бұл экология департаментінің талап арызын қанағаттандыруға негіз болды. Себебі олар құзырлы органнан рұқсат алмастан жұмысын жүргізіп отырған. Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.