Риддер жылу орталығын жөндеуге 6 млрд теңге қажет

Қыс бойы апат пен ақаудан көз ашпаған Риддер жылу электр орталығын қысқа мерзімде жөндеу үшін 6 млрд теңге қаржы қажет. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов мәлімдеді.

Өңір басшысы жағдайдың күрделі екенін әрі меншік иесінен ешқандай әрекет болмағанын алға тартты. Жылумен қамтуға жауапты кәсіпорын бұрынғы және қазіргі қарыздарымен бірге тек сатып алу шартын ұсынып отыр. Алайда бұл ұсыныспен келісуге болмайды. Өйткені сатып алу барысында кәсіпорынның қыстағы төтенше жағдайдан кейінгі қарыздары ғана ескерілу керек. Қазір жылу мекемесін коммуналдық меншікке алудың тиімді жолдары қарастырылып жатыр. Егер оңтайлы шешім табылмаған жағдайда мәселеге сот нүкте қоюы мүмкін.  

Даниал Ахметов, облыс әкімі:

- Өкінішке қарай, бұл станцияны тез арада коммуналдық меншікке қайтаратындай заң жоқ. Ал меншік иесінің сату-сатып алу шарты біздің көңілімзге қонбайды. Біз неге олардың осыған дейінгі қордаланған қарызын өтеп беруіміз керек? Егер 6 млрд теңге жұмсасақ, бұл нысанды толықтай қалпына келтіре аламыз. Қанша күш керегін, қалай істеу керегін білеміз. Ал уақыт болса өте аз қалды.