Мамандар Қарағанды облысында балықтар қырылғанын растады

Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданындағы Күлса өзенінің маңындағы шағын көлшіктерде балық қырылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оны жергілікті тұрғынның бірі байқап, әлеуметтік желіге жариялайды. Мамандар экологтармен бірге оқиға орнына шұғыл жетіп, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Олар мыңдаған мөңке майшабағы су бетінде қалқып жүргенін растап отыр. Тасқын кезінде өзеннен ағып келуі мүмкін екенін айтады.

Бекзат Мақажанов, Нұра-Сарысу облысаралық Балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары:

- Балық шабақтарының қырылу себебін анықтау мақсатында Экология департаментінің қызметкерлерімен және ветеринария басқармасының қызметкерлерімен судың сынамасы және балықтың сынамасы лабораториялық зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін алынды. Енді біздің болжамды себеп, балық шабақтарының қырылу себебі ол судағы оттегінің жетіспеуі деп отырмыз.