Қарағанды облысындағы мал шығынына кім кінәлі?

Қарағанды облысындағы Байқадам ауылының тұрғындары айдың-күннің аманында төрт түлігінен көз жазып қалып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі елді мекен іргесіндегі су бөгеттің маңына арық қазылыпты. Қыстан бері сол жерге 4 жылқы түсіп арам қатқан. Экологтар қазылған ордың заңсыз екенін айтса, әкімдік тек ауызша ескертумен тыйылып келген екен. Енді малының өтемақысын кім төлейді?

Ауыл халқы малмен күнелткенімен, соңғы кезде жері тарылып-ақ барады. Қыл аяғы тоған маңындағы мына 2 метр арықта малдан қорғану үшін жыртылған, - дейді тұрғындар. Енді оның зиянын тағы да қарапайым халық тартып жатыр. Мысалы, Айдос Дөненаевтың 4 бас жылқысы болған. Бірін жақында арықтан тауып алыпты.

Айдос Дөненаев, Байқадам ауылының тұрғыны:

- Малымызды төлеп берсін, мына жерді жапсын, шектеу қойсын осы жерге. Бір шара қолдансын. Малды төлеп берсе болды ғой, одан артық ештеңе сұрап отырған жоқпыз.

Тілеубек Қонысбаев, Байқадам ауылының тұрғыны:

- Осы ауылдың азаматтары жаздыгүні, қазып жатқан кезде келіп ескертіпті, күзде де ескертілген екен. Бірақ сол айтылғаны айтылған бетте қалған ғой.  Бізде көп нәрсе орындалмайды, оны ешкім қадағаламайды. Қардың астында қалған. Қар еріді, мынандай жағдай болды. Мал түгілі адам да, бала да түсіп кетуі мүмкін бұл жерге.

Ауыл әкімі болса бар мәселені біле тұра тек кәсіпкерді ескертумен шектелген. Ал аудан басшылары бұл мәселені тек бүгін естіп-біліп отыр.

Айдын Досмақов Көкпекті ауылдық округінің әкімі:

- Біз өз тарапымыздан ескерту жасадық, 1-2 рет айттық. Учаскелік инспекторға да айттық. Өзі антын берді. Мына жерді қалпына келтіремін, мұндай жағдай болмайды деп. Халық та ескерту жасаған. Оның бәрін білеміз.

Ал камера алдында қандай да бір мәлімет беруден бас тартқан кәсіпкер арық оған дейін қазылғанын ғана айтып отыр. Бірақ оны қайта қалыпқа келтіруге ниетті. Себебі жерді қазуға экологтар да рұқсат бермеген екен.

Дархан Исжанов, облыстық Экология департаменті басшысының м.а.:

- Кәскіпкердің іс-әрекеті заңсыз болып тұр. Өйткені ешқандай рұқсат қағаздар департаментке келіп түскен жоқ. Департамент қандай да бір қағаздар берген жоқ.

Экология департаменті жүргізген тексеріс нәтижесі 2 аптадан кейін шығады. Егер заңбұзушылық дәлелденсе, кәсіпкерге 30 айлық есептік көресткіш көлемінде айыппұл салынады. Тұрғындар тек содан кейін кәсіпкерді сотқа беріп, малына өтемақы талап ете алады.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Зарина Зұлпыхар.