Фотограф тауды мекендейтін сушылқараны Алматы ішінде байқап қалды

Тәңіртауды мекендейтін сушылқара етекке түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биікте жүретін торғайдың Алматының ішінде қонақтап отырғанын фотограф Дмитрий Доценко түсірген.

Жалпы, бұл құс осылай тау бөктерлеп, адамдарға жақындап тұрады. Бірақ сирек болатын жағдай. Тау өзендері мен бұлақ маңын мекендейді. Жемін су түбінен іздейді. Сондықтан оны су торғайы деп те атайды. Суға 1 минутқа дейін сүңгіп, қорегін тауып шығады. Фотограф осы сурет үшін жағалауда 2 күн бойы жүріп, құстың ұшып-қонғанын, судан азық іздегенін бақылаған. Фотосуретші осындай жұмыстары арқылы жұртшылықты табиғатты аялап, аң мен құсты қорғауға шақырады.

Дмитрий Доценко, кәсіби фотограф                                                  

- Бұрын бұл құсты бұл маңнан кездестірмеген едім. Көбіне су торғайы тау өзендерін мекендейді. Маған таныстарым Есентай өзенінің жағалауына келіпті деп айтты.  Жақсы кадр түсірем деп 2 күн жүрдім. Әрбір қимылын қалт жібермедім. Тіпті бейнетүсірілім де жасап алдым.