Түркістанда аймақтық ақсақалдар форумы өтті

Түркістандағы «Ұлы Дала Елі» орталығында «Қариялар – дәстүрімнің қазығы» атты аймақтық ақсақалдар форумы өтті.

Оған Шымкент пен Түркістан қаласы және Жамбыл мен Қызылорда облыстарының ақсақалдары қатысты. Әр өңірден келген ақсақалдар ізгі қоғамды қалыптастыру мен елді біріктіру, жауапсыз әкелерді тезге салып, жастарға дұрыс жол көрсету және тәрбиені түзеу туралы ой қозғап, пікір алмасты. Ардагерлер тарапынан отаншылдық пен ұлттық идеологияны жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар айтылды. Түркістанның мәртебесін асқақтату, тарихқа құрмет көрсету жөнінде де келелі ойлар қозғалды. Форум қортындысы бойынша Үндеу қабылданды.

Наурызбай Қажы Тағанұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти:

- Жастарымыздың ата-баба жолынан таймай, үлкендердің үкілеген үмітін ақтауы өте маңызды іс. Бұл ретте оларға ақыл-кеңес айтатын, өмір мектебінен өткен, көпті көрген ақсақалдардың кеңесі ауадай қажет. Қазақ халқының өмір сүру дағдысында қалыптасқан ақсақалдар кеңесі қоғамдағы кейбір түйіткілді мәселелерді реттеп отырған. Біз бұдан қоғамдық мәселелерді шешуде ақсақалдар кеңесінің рөлі ерекше болатынын аңғарамыз.