Қызылорда облысындағы апатты мектептер мәселесі шешіледі

Қызылорда облысында 6 апатты және 6 үш ауысымды мектеп бар.

Өңірлердегі өзекті мәселелерді шешу және ауыл мен қалалық мектептегі білім деңгейін теңестіру жайы Мемлекет басшысының тікелей назарында тұр. Осы ретте Президент тапсырмасымен Сыр еліне арнайы келген премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов апатты деп танылған әлеуметтік нысандарды аралап көрді. Үкімет басшысының орынбасары «Білім беруді қолдау қоры» есебінен аймақта 5 мектеп және дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернаты салынатынын жеткізді.

Үкімет басшысының орынбасары бастаған топ алдымен Шиелі ауданы Жансейіт ауылындағы бұрынғы шаруашылық кеңсесінде оқып жатқан балалардың білім алу процесімен танысты. Спорт залы мен асханасы жоқ 6-сыныптық мектепте 90 бала оқып жатыр. Қабырғалары қаусап тұрған нысан  "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында қайта салынатын болды.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

- Биыл 10 мектеп басталып кетейін деп жатыр. Қалған 11-і келесі жылы басталады. Соның 13-і аудандарда және ірі ауылдарда салынып жатыр. 8-і қаланың орталығында. Бұл үлкен көмек болып жатыр. 

Әрі қарай Алтай Көлгінов Байсын ауылына барып, апатты мектеп орнына салынып жатқан 250 орындық білім ұясының құрылысын саралады. Білім беру нысаны жартылай бітіп тұр, енді оны аяқтауға тағы қаржы керек.

Алтай Көлгінов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Облыста 6 апатты жағдайдағы мектеп бар, 6 үш ауысымды мектеп бар. Осы мәселелерді шешсек Ұлттық жоба аясында салатын боламыз. Ең бастысы балалардың сапалы білім алуына жағдай жасау.

Премьер-Министрдің орынбасары Шиелі кентіндегі апатты жағдайдағы №45 мектеп-гимназиясының жұмысымен де танысты. Одан бөлек Алтай Сейдірұлы орталық көпбейінді аудандық аурухана ұжымымен кездесіп, ангиограф пен компьютерлік томография секілді заманауи құрылғылармен қамтылатынын айтты. Сонымен қатар «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Қызылорда облысында 27 денсаулық сақтау нысаны бой көтерететінін жеткізді.  

Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Бәйділдаев