Солтүстіктен соққан боран кешелі арқаға жетті

Солтүстіктен соққан боран кешелі Арқаға жетті. Бүгін көктайғақ пен қардан көлік атаулы  дала түгілі қала ішінде жүре алмай әлек.

Астанада жол апаты көбейді. Ақтүтек боран салдарынан әуе рейстері кейінге шегеріліп, қоғамдық көліктердің қозғалысына шектеу қойылды. Коммуналдық қызметтер жүздеген техникасы мен жұмысшыларын жаппай көшеге шығарып қармен арпалысып жатыр. 

Кеше ғана ағаштар бүршік атып, көк тебіндей бастаған Астанада бүгін алай-түлей боран соқты. Бір тәулік ішінде қардың жарты айдың нормасы түсті. Таңертеңнен бері шаһарда 240 жол апаты тіркелді. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. 112 нөміріне үш мыңнан астам адам қоңырау шалнған. Қатты желден электр сымдары тұйықталып, тұрғын үйлердің қаптамалары ұшты. Таңсәріден елорда көшелерін қардан тазартуға 2000-нан астам жұмысшы мен 1000-ға жуық арнайы техника жұмылдырылды.

Саида Бердібекова, «Қазгидромет» РМК инженер-синоптигі:

- Осындай тұрақсыз ауа райы сақталады республиканың басым бөлігінде. Және ауа температурасы күрт төмендеуі күтіледі. Солтүстік аймақтарда он, кей жерде 15 градусқа дейін төмендеу күтіледі. Ал республиканың оңтүстік, оңтүстік шығыс аймақтарында 1-6 градусқа дейін үсік болжанады. Және ауа массаларының жылжуына байланысты республиканың батыс өңірлерінде 17 сәуірде антициклон ықпалында болғандықтан жауын-шашын аздап бәсеңдейді.

Бүгін полицейлер 700-ден астам жүк және жеңіл көліктерді діттеген жеріне дейін жеткізді. Қазір Астана –Көкшетау арасы жабық.  Дегенмен кешқұрым республикалық автожолдардың 6 учаскесінде жол қозғалысына енгізілген уақытша шектеу алынды.

Жәнібек Мұқашев, “Астана-Щучье” ақылы учаскесінің бастығы:

- Жол жабылды. Қазіргі кезде жолдың үстінде 49 единица техника комбнированный дорожный машиналар, 58 адам жұмыс істеп жатыр. + Песко-солянный смесь қазіргі кезде 5 мың тонна бар. Жолды тазалап жатқан үш ДЕО бар.

Күннің қолайсыздығынан ұшақтар да кешікті. Құтқарушылар жолға шықпауды ескертіп жатыр. Қазгидрометтің мәлімдеуінше күн райы тек сәуірдің17-сі,18-інде ғана тұрақталады. 

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Ырыстанбек Оспанов