Таразда 102 жастағы қария құжат алды

Таразда 102 жастағы тұрғын мерзімі өткен жеке куәлігін айырбастады.

Көші-қон қызметі құжатты қарияның үйіне өздері әкеліп берді. Ғасыр жасаған Кемелбек Шәменов - соғыс ардагері. Ақсақал Түркістан облысына қарасты Шәуілдір ауданында дүниеге келген. Соғыстан кейін түрлі салада еңбек еткен. Бүгінде қарт майдангер қызының қолында тұрады.Ол қызының өзі 70-тен асыпты. Өзі 4 баладан 15 немере мен 2 шөбере көрген. Жалпы, бүгінде Жамбыл облысында 17 соғыс ардагері тұрады. Ал тоқсан мен жүз жас аралығындағы 10 мыңнан аса қария бар.

Совет Кенжебаев, қалалық полиция басқармасы көші-қон қызметі бөлімінің басшысы:

- Денсаулығы шектеулі азаматтар көші-қон қызметі орнына бара алмайтын азаматтар өтініш білдірген жағдайда, осындай өзіміздің қызметіміз бойынша жеке куәлікпен құжаттандырамыз. Бүгінгі мына атамыздың жасы 102-де. Жыл басынан бері осындай 80 мен 100 жас арасындағы 38 қарияға жеке куәлік бердік.