Жаңаөзендегі жарылыс: 2 адам нашар жатыр

Жаңаөзенде газ жарылысынан зардап шеккен 6 тұрғынның бірі тікұшақпен Ақтауға жеткізілді. Ер адамның жағдайы ауыр. Ал денесі жартылай күйген 2 науқас жергілікті ауруханада жатыр.

Травматология бөлімшесінде де ер адам мен 2 бала ем алып жүр. Олардың өміріне қауіп жоқ, - дейді дәрігерлер. Бүгін таңғы сағат 4-те екі қабатты үйде болған күшті жарылыс 4 адамның өмірін қиды. Марқұмдардың бірі кішкентай ғана періште – 3 жастағы сәби, деп хабарлайды «Хабар 24».

Талғат Исламұлы, тілші:

- Біз қазір қалалық көпбейінді аурухананың алдында тұрмыз. Таңсәріден осында түскен 2 науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Бірі – аяғы ауыр келіншек. Бел омыртқасына зақым келген әйелге операция жасалады деп айтылды. Ал екіншісі – ер адам. «Аяғы бетон сынықтарының астында қалып қойған. Қазір жағдайы ауыр», - дейді дәрігерлер.

Серік Асқаров, Жаңаөзен қалалық көпбейінді аурухананың директоры:

- Ол науқастың да жағдайы ауыр. Бақылауда, сол жансақтау бөлімшесінде. Сосын травматология бөлімшесінде 2 кішкентай қыз жатыр. Орташа жағдайда. Күйіктері ондай көп емес. Сосын үлкен жігіт жатыр. Бетінде, қолында күйік бар.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Бүгін Ақтаудан облыстың бас неохирургі бастаған бір топ дәрігер жаңаөзендік әріптестеріне көмекке келді. Барлық науқасқа тиісті емдік шаралар көрсетіліп жатыр. Жалпы, таңнан бері 13 тұрғын емдеу мекемесіне қаралса, соның 7-уіне амбулаториялық көмек көрсетілген. Көпшілігі – 5-12 жастағы балалар.

Есіңізге сала кетсек, 2-шағын аудандағы №51 үйде болған газ жарылысына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Авариялық-құтқару жұмыстары аяқталуға жақын.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев.