Қалың қар елордалықтарды әбігерге салды

Елордалықтар үшін кейінгі 2-3 күн оңайға соқпады. Алдында ғана талы бүршік атып, шаңы шығып жатқан қаланы қалың қар басты, деп хабарлайды «Хабар 24»

Сәуірдің ортасында омбылап қалған жұрттың қатынау қиындап кетті. Бүгін сабақ та болған жоқ. Мамандардың айтуынша, бұл – кейінгі 30 жылда болмаған жағдай.

Бекзат Аманов, тілші:

- Бүгін – ақпанның 76-шы күні. Елордалықтар осылай деп әзілдеп жүр. Себебі қалада көктемнің иісі де сезілмейді. Шаһарды қалың қар басқан. Мұнда соңғы 3 күнде жауған қар бір айдың нормасынан асып кетті, - дейді мамандар. Тағы бір дерек. Мұндай табиғаттың тосынсыйы 1996 жылдан бері алғаш рет болып тұр.

Тұрғындар:

- Лаждап жүріп жатырмыз, үлгермей жатқан шығар, аяқ асты болған жағдай ғой. Сәуір айында қар жауғанын көрген жоқпын.

- Таңертең тұрғанда жүріс-тұрыс қиын болды. Себебі аулалар қарға толып кетті. Аялдамаға барған кезде автобусты көп тосып қалдық. Жарты сағаттай. Автобустың жүруі де қиындаған сияқты.

- Таксимен келдік енді, қиын болды. Жолда кептелістер.

- Автобус жүрмей қойды. Сосын кептелістер болды. Бір сағат күттік ғой.

Табиғаттың тосын мінезі ешкімге оңай тиіп жатқан жоқ. Әсіресе көлігін жазғы дөңгелек ауыстырған жүргізушілерге қиын. Өткен тәулікте қалада 150-ге жуық көлік соқтығысып, 2 азамат зардап шекті. Полиция департаментінің мәліметі бойынша, апаттың барлығын жазғы дөңгелекпен жүрген жүргізушілер жасаған. Ал синоптиктер тұрақсыз ауа райы алдағы уақытта да сақталатыны айтып отыр. Елдің басым бөлігінде жаңбыр мен қар жауады. Күн суытады.

Ақмарал Смағұлова, «Қазгидромет» РМК инженер-синоптигі

- Шығыста 18 сәуірде қатты қар жауады. Оңтүстік-шығыста кей уақытта қатты жауын шашын болады. Циклон әсерінен 18-20 сәуірде еліміздің солтүстігінде, орталығында, шығысында түнде ауа температурасы 7-15 аязға дейін төмендейді.

Құтқарушылардың да жұмысы қауырт. Осы күндері оларға 3500-ден аса қоңырау түскен. Қала сыртында қар құрсауынан 2 көлік шығарылып, ішіндегі адамдар шаһарға жеткізілді. Қазір 4 бағыт бойынша қозғалыс жабық. Жағдай – осындай. Жылы киімді сандыққа салуға асықпағаныңыз абзал. Себебі Астанаға биыл да көктем кеш келеді.

Авторлары: Бекзат Аманов Дәурен Жорқабаев.