Жаңаөзенде баспанасыз қалған 9 отбасыға пәтер беріледі

Жаңаөзенде жарылыс салдарынан баспанасыз қалған 9 отбасыға пәтер беріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа тұрғын үйді бұрынғы пәтерлердің өлшеміне қарай мұнай компаниясы сатып алады және тұрғындардың өздері таңдайды. Қазір олар туыстарын уақытша паналап отыр.

Кеше Алматыдан сарапшылар келіп, апат себебін анықтауға кірісті. Жарылыс болған таңда 12 пәтерлі үйде 2 жанұя пәтерде болмаған. Үйінді астынан табылған 4 адамның жан-азасы бүгін өтеді. Жарылыстан зардап шеккен 5 науқас қалалық ауруханада жатыр. Жансақтау бөліміндегі 2 адамның жағдайы ауыр. 23 жастағы жүкті әйелдің шаранасы кесарь тілігімен алынған. Оған бел омыртқасына операция жасалды. Бетон астында аяғы қысылып қалған, екінші науқас та күрделі операциядан шықты. Ал травматология бөліміне түскен қос жеткіншек пен ер адамның жағдайы жақсы. Сол күні тікұшақпен Ақтауға жеткізілген тағы бір ер адам, дәрігердің бақылауында.

Раушан Жапарова, Жаңаөзен қалалық ауруханасы директорының орынбасары:

- Екеуінің де жағдайы қатаң. Енді бізде дәрігердің тарапынан бәрі емдеу процесін жасап жатырмыз. Диагностикасын жасап жатырмыз. Көмектің бәрін көрсетіп жатырмыз.

Жансейіт Қайнарбаев, Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары:

- Қазіргі таңда тұрғындардың келісімдеріне орай бірге сол үйлерді қарайтын боламыз, ертең нотариусқа баруға дайынбыз. Содан кейін барып кілттерін қолдарына береміз. Қысқа мерзім ішінде көшіріп беруге толықтай мүмкіндіктеріміз бар.