Қостанайдағы «Алтын микрофон» халықаралық ән байқауы. LIVE

Қостанайда 20-шы «Алтын микрофон» халықаралық байқауы басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жас әншілердің дәстүрлі додасына Армения, Болгария, Беларусь, Украина, Өзбекстан, Қырғызстаннан 82 үміткер келді.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Байқау 7 жастан 23 жасқа дейінгі әншілер арасында өтеді. Жас өнерпаздардың талантын шыңдап, кішкентай жұлдызды танытуға септігін тигізетін «Алтын микрофонның» ауқымы кеңейіп, деңгейі жылдан жылға көтеріліп келеді. Бастапқыда күміс көмейлер конкурсы облыстық дәржеде өтетін. Кейін халықаралық мәртебеге ие болды. 20 жылдың ішінде өнер жолын қуған жас дарындардың ұстаханасына айналып үлгерді.

Өнер сайысының іріктеу кезеңіне жақын және алыс шетелдерден 174 өтініш келіп түскен.

Байқауға қатысушылар ескі әуендермен қатар заманауи хиттерді де жанды дауыспен орындайды. Фонограммаға тыйым салынған. Әндер қазақша, орысша, ағылшынша шырқалады. Жүзден жүйрік шыққандарға жыл бойы өтетін кез келген халықаралық байқаудың жолдамасы бұйырады. Былтыр «Алтын микрофонның» гран-приін болгариялық әнші қыз Славея Иванова иемденген.

Әрине, үздіктерді интернационал қазылар алқасы анықтайды. Олар «Витебсктегі Славян базары» халықаралық фестивалінің директоры Глеб Лапицкий, Украинадағы «Музыкальное созвездие» фестивалінің арт-директоры Татьяна Апанасенко сияқты танымал тұлғалар бар. Қазылар алқасына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Сейдоллаұлы төрелік етеді. Конкурс «Жастар сарайында» 3 күнге созылады. Кіру тегін. Жұма күні жеңімпаздар мен лауреаттар анықталып, гала-концертпен түйінделеді.