Қазақстанда мыстың бай қоры табылуы мүмкін

Цифрлық технологиялар Қазақстан қазынасына 25 млрд доллар түсіруі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның 9 миллиарды тау-кен секторынан алынады. Осыған байланысты ірі кеніштер мен өнеркәсіп орындарын цифрландыру керек. Елордада өтіп жатқан 13-ші Майнекс тау-кен геологиялық форумына қатысушылар осылай дейді.

Шараға 30 елден 200-ден аса компания келді. 90-нан астам сарапшы сөз сөйлеп, отандық мамандар инвесторлармен тәжірибе алмасады. Ертең экология мәселесі талқыланады. Жиында Қазақстанның жер қойнауындағы пайдалы қазбалар жайы айтылды. Сарапшылар елде мыстың бай қоры болуы мүмкін дейді. Құны жылдан жылға қымбаттап келе жатқан пайдалы қазба қазірдің өзінде әлемнің ірі компанияларын қызықтырып отыр.

Дамир Қызыр, сарапшы:

- Қазақстанда мыс кен орындары бар, олардың айналасында тағы табылуы мүмкін. Сондықтан 1-2 жыл ішінде ірі компаниялар келіп жатыр. Ол Қазақстанға тиімді болатынына сенеміз. Өйткені ол қызмет нарығын кеңейтеді, мамандардың сапасын көбейтеді.