Павлодар облысында 66 ауылдың инфрақұрылымы жақсарды

Павлодар облысында «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасымен 66 елді мекеннің әлеуметтік, инфрақұрылымдық жағдайы түзелді.

Мемлекеттік жоба аясында 11 спорт нысаны, 4 мәдениет үйі мен 8 дәрігерлік амбулатория салынды. Сексеннен аса мекеме қалпына келтіріліп, 298 шақырым ауыл жолдары жөнделді. Биыл бағдарламаға 26 ауыл еніп отыр. Елдімекендерді жаңғыртуға он миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Әлеуметтік, спорттық нысандар салынып, жолдар жөнделеді.

Ирина Назарчук, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы:

- Біз 2027 жылға дейін 99 ауылды жаңғыртуымыз керек. Ол негізінен тұрғындарының саны 500 адамнан көп елді мекендер. Ал 24-ші жылға қалалар мен аудан әкімдері 15 ауылды жаңартуға жобалық құжаттама дайындады. Сонымен қатар шекаралық ауылдарды дамытуға  көп көңіл бөлініп отыр.